Бибігүл Жексенбай: Референдум — ел болашағына үлес қосуға берілген мүмкіндік

Еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндірді.

 Сенат Бүгiн 2026, 10:24
Бүгiн 2026, 10:24
237
Фото: Сенат

Сенатор Бибігүл Жексенбай «Қазатомөнеркәсіп» және «Қазаэронавигация» ұжымымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бибігүл Жексенбай референдум қарсаңында Қазатомөнеркәсіп ұлттық компаниясының еңбек ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелерін түсіндірді.

Кездесу барысында сенатор кәсіпорынның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі және өнеркәсіптік дамудағы стратегиялық рөлін атап өтті. Ол Конституция жобасында ғылым мен инновацияға басымдық берілуі өндірісті жаңғыртуға, цифрлық технологияларды енгізуге және отандық өнімнің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға құқықтық негіз қалыптастыратынын айтты.

Сондай-ақ еңбек құқығын конституциялық деңгейде қорғау, цифрлық ортадағы қауіпсіздік пен экологиялық жауапкершілік мәселелері сөз болды.

Сенатордың айтуынша, жаңа Конституция тұрақты әрі болжамды құқықтық орта қалыптастырып, ұзақ мерзімді индустриялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, сенатор «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ұжымымен кездесу өткізді.

Шара жалпыұлттық референдум қарсаңында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында ұйымдастырылды.

Кәсіпорын қызметкерлері алдында сөз сөйлеген сенатор аэронавигация саласының елдің тұрақты дамуы мен Қазақстанның халықаралық көлік байланысы үшін стратегиялық маңызын атап өтті.

Сенатор Қазақстанның әлемдегі ең ірі әуе кеңістіктерінің біріне ие екенін және Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік авиациялық тасымалдарды қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын айтты. 

Кездесу барысында Бибігүл Жексенбай конституциялық реформалардың инфрақұрылымдық және технологиялық салаларды, соның ішінде авиацияны одан әрі дамыту үшін маңыздылығына тоқталды.

Конституцияға ұсынылып отырған өзгерістер мемлекетті басқарудың неғұрлым тұрақты институционалдық жүйесін қалыптастыруға, заң үстемдігі қағидатын нығайтуға, биліктің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған. Авиация сияқты стратегиялық салалар үшін бұл — реттеудің болжамдылығын, нормативтік базаның тұрақтылығын және инфрақұрылымдық инвестициялардың қорғалуын білдіреді, - деп атап өтті сенатор.

Саланы технологиялық жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сенатордың айтуынша, аэронавигацияны дамыту әуе қозғалысын басқарудың заманауи цифрлық жүйелерін енгізумен, радионавигациялық кешендерді жетілдірумен, киберқауіпсіздік деңгейін арттырумен және жоғары білікті мамандарды даярлаумен тікелей байланысты.

Бибігүл Жексенбай алдағы жылдары Қазақстанның аэронавигациялық жүйесінің алдында әуе кеңістігінің өткізу қабілетін арттыру, елдің транзиттік әлеуетін өсіру, әуе қозғалысын басқару процестерін толық цифрландыру және халықаралық азаматтық авиация стандарттарымен интеграциялану сияқты маңызды міндеттер тұрғанын жеткізді.

Кездесу соңында сенатор алдағы референдум елдің саяси жүйесін жаңғыртудың және мемлекеттің тұрақты дамуының құқықтық негізін нығайтудың маңызды кезеңі екенін қадап айтты.

Қуатты аспан үшін қуатты мемлекет керек. Ал тұрақты әрі тиімді авиация жүйесі берік құқықтық негіз бен заманауи Конституциясыз мүмкін емес, - деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатор кәсіпорын қызметкерлерін белсенді азаматтық позиция танытуға және алдағы референдумға қатысуға шақырды.

Референдум - әрбір азамат үшін өз пікірін білдіруге және ел болашағына үлес қосуға берілген мүмкіндік. Дауыс беруге қатысу - Қазақстанның дамуына, оның мемлекеттілігін нығайтуға және одан әрі жаңғыруына деген жауапкершіліктің көрінісі, - деп түйіндеді Бибігүл Жексенбай.

Наверх