Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 18 мамыр күні Лозаннада Бейжің Олимпиадасында Қазақстан құрамасының Ту ұстаушылары Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың ашылу салтанатындағы формаларын Олимпиада мұражайына ресми табыстау рәсімі өтті. деп хабарлайды Olympic.kz.
Экспонаттарды «Халықаралық Олимпиада комитетінің мәдени мұрасы» жинағына тапсыру туралы ХОК президенті Томас Бах қол қойған тиісті сертификат Қазақстан ҰОК-не табысталды. Бейжіңде өткен Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында қазақстандық шеберлердің туындысы көптің назарына бөленіп, үздіктердің бірі деп танылды.
Қазақстанның Туын ұстап шыққан шорт-трекші Абзал Әжіғалиев пен конькиші Екатерина Айдованың киімі халықаралық олимпиада қауымдастығын қатты таңғалдырды.
Көптеген әлемдік БАҚ қазақстандық дизайнерлер жасаған образға тәнті болды. Британдық беделді The Guardian газеті Ойындардың ашылу салтанатынан кейін: «Қазақстан костюмдер байқауында жеңіске жетті» деп жазды.
Америкалық The Insider басылымы «Екатерина Айдова классикалық алтын әшекейлермен безендірілген киімімен таң қалдырды» деп мойындады. Сонымен қатар азиялық БАҚ, соның ішінде Жапонияның жетекші ұлттық газеті «Уомиури» де баса назар аударып, «Токиодағы Олимпиададан кейін қазақстандық Ту ұстаушылардың әдемі киімдері Бейжіңде ең көп талқыланған тақырыпқа айналды» деп атап өтті.
Қазақтың хас батыры образында шыққан Абзал Әжіғалиев пен Екатерина Айдованың көйлегінде бейнеленген сақ патшайымы Томирис бейнесіне жоғары баға берілгенін растай отырып, Олимпиада мұражайы костюмді «Халықаралық Олимпиада комитетінің мәдени мұрасы» топтамасына енгізуді және оны табыстау барысында салтанатты рәсім ұйымдастыруды ұсынды. Коллекцияда спортшылардың ең жақсы жабдықтары бар – ол Олимпиада ойындарының тарихын және олардың елдердің тарихы мен мәдениетімен тығыз байланысын айқын көрсетеді. Экспонаттардың көпшілігін спортшылар Олимпиада кезінде немесе Олимпиададан кейін сыйға тартқан.
Осы сәттен бастап Қазақстанның Ту ұстаушысыларының киімдері ұйымның штаб-пәтері орналасқан швейцариялық Лозаннадағы ХОК бас мұражайы – әлемдік олимпиадалық қозғалыстың «қазына қорларына» келушілердің назарына ұсынылатын болады. Мұражай жұмысын 1915 жылы бастаған, 30 жылға жуық тарихы бар. Қазір мұражайда ойын тарихының мыңдаған құнды экспонаттары сақталған. Жыл сайын оларды көруге әлемнің түкпір-түкпірінен 500 мыңнан астам адам келеді. ХОК Мәдени мұра департаменті Олимпиада ойындарының тарихы мен дәстүрін сақтай отырып, бүкіл әлемнің спортшыларын біріктіреді. Спортшылардың салтанатты ашылу рәсімінде киген киімдері ұлттық құндылықты, мәдениетті дәріптеуді көздей отыра дайындалған болатын. Алтын өрнек күнді бейнелейді, ал «қошқар мүйіз» декоры қоршаған әлеммен үйлесімділікті, өмірге ұмтылысты, құнарлылық пен молшылықты бейнелі түрде көрсететін гүлді оюмен үйлеседі. Ерлер киімінің негізгі элементіне айналған қалқан батылдық пен қайсарлықтың, күштің символын көрсетеді.
Дизайнерлер Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатының қарсаңындағыдай Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайымен бірге ою-өрнек элементтерімен де жұмыс істеді.