Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 17 маусымда VII «Бейжің - Париж» халықаралық ретро раллиге қатысушылар елордаға ат басын бұрады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының спорт және мәдениет басқармасы хабарлады.
Әлемнің 30-дан астам елінің 120 бірегей сирек кездесетін автомобилін Marriott қонақ үйінің тұрағында көруге болады. Үш жылда бір рет өтетін Бейжің-Париж раллиі - 1907 жылы алғаш рет ұйымдастырылған автомобиль жарысы. Ол Бейжіңнен (Қытай) Парижге (Франция) дейін 14 994 км арақашықтықты құрайды."Оған тек 1976 жылға дейін шығарылған көліктер ғана қатыса алады. Мысалы, Bentley, Lancia, Packard, Horch және құны миллион еуроға дейінгі басқа сирек кездесетін көліктер. Автожарыс Бейжіңнен басталады. Қатысушылар Қытайды аралап, 5 күн Моңғолия, Алтай (Ресей), Қазақстан, Ресей, Еуропа және Франция елдерінің аумағынан өтеді", - делінген таратылған ақпаратта.
Айта кетейік, биыл әйгілі ралли алғаш рет бүкіл Қазақстан арқылы өтеді. 16 маусымда шараға қатысушылар Павлодарда, келесі күні Нұр-Сұлтанда, содан кейін Балкашино кентіне тоқтайды. Жол үстінде ретро автомобильдер Бурабайға соғады. Раллиге қатысушылар Қазақстанда ат басын бұратын ең соңғы қала – Қостанай.