Нұр-Сұлтан қаласы, BAQ.KZ. Бүгін қала әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов пен шаһар басшысы Мавр Абдуллиннің төрағалығымен экологиялық шара жөнінде отырыс өтті. Бұл туралы аktobenews.kz сайтында хабарланды.
Жиынға мекеме басшылары, қоғамдық кеңес, қоғамдық ұйым мүшелері мен депуттар, блогерлер қатысты.
«Жоспарға сәйкес, челлендж бейсенбі күні таңертең сағат 9:30-да бастау алады. Әр сенбі сайын сенбілік жұмыстарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Әлеуметтік желі арқылы тұрғындар көптеген мәселелерді көтереді. Соның бірі – қаланың тазалығы. Шашылған қоқысты жинау үшін қаржы бөле бергеннен гөрі қоқысты шашпай, қаржыны үнемдесек, нұр үстіне нұр болар еді. Қала тұрғындарынан «Бірге – таза Қазақстан» шарасын қолдауға шақырамын», - деді қала әкімі Мавр Абдуллин.
Қала әкімінің орынбасары Ұшқын Мыңбаевтың сөзінше, қоқыс көптен бері жиналмаған жеті аймақ бар. Әр аймаққа 100 адамнан бекітіледі. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов те эко-челленджке қатысады.
«Осылай жиынға шақырып, ұсыныс жасағаны үшін қала әкімдігіне ризамын. Егер бүгін қоқыс жинауды қажет ететін жеті аймақ бекітілетін болса, қаланың ірі кәсіпорын басшыларына ұсыныс жасауға дайынбыз. Қазір әлеуметтік желіні сараптап отырмыз. Көптеген волонтерлар эко-челленджді құптап отыр. Мен де қатысамын», - деді Қайрат Бекенов.
«Актобе дыши» қозғалысының жетекшісі Евгений Лазарчук экологиялық шараның басталатынына риза болды. Оның айтуынша, белсенді тұрғындардың еңбегін бағалау үшін қоқыс лақтырған адамға айыппұл сала бастау керек.
«Табиғатқа демалуға шығады да тұрғындар қоқыс қалдырып кетеді. Бұл қалыпты жағдай сияқты. Қоқысты жерге лақтырмау керек деп балаларды жастайынан үйрету қажет. Сыпырған жерде емес, қоқыс лақтырмаған жерде тазалық болады. Шараны қолдаймыз, бірақ тұрғындардың да сана сезімін ояту керек», - деді қалалық мәслихат депутаты Нұрлан Махамбетов.
Бұған дейін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев #Birge #TazaQazaqstan акциясын жариялап, қазақстандықтарды тазалық акциясына қатысуға шақырған болатын