Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бейруттағы жойқын жарылыста қаза тапқандардың саны 171-ге жетті. КТК телеарнасының хабарлауынша, аса ауыр жарақатпен ауруханаға түскендердің кейбірі сол күйі есін жимастан көз жұмған.
Еске сала кетсек, ауруханаларға әртүрлі дене жарақатымен 6 мыңнан астам тұрғын жеткізілген еді. Олардың біразының беті әлі бері қарамаған. Ең сорақысы, жаралылардың арасында коронавирус тез тарап жатыр. Соңғы бір тәулікте ғана 300-ден астам науқастан індет белгілері анықталыпты. Оның жетеуі көз жұмды.
Жарылыс салдарынан ауруханалардың іші жаралыға толып, аурумен күресті едәуір қиындатып жіберген. Ал порттағы жойқын жарылыс 300 мыңдай адамды баспанасыз қалдырды.