Бейпіл сөйлегендер де қылмыскер

31 Мамыр 2023, 09:12
1001
Бөлісу:
Бейпіл сөйлегендер де қылмыскер
Фото: BAQ.KZ

Қоғамдық орында аузына келгенін сөйлейтіндер жазасыз қалмайды, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі. 

Мұны құзырлы органдар ұсақ бұзақылыққа жатқызып отыр. Соған сай заң мақұлданғалы, жетісулық 57 азамат айыппұл төлеп үлгерді.

69 мың теңге аз ақша емес. Былапыт сөзге үйір адамға тіпті ауыр. Елімізде қоғамдық ортада мәдениеті төмен, тіліне ие бола алмайтын жандар жетерлік. Сондықтан бұл заңның да берері бар. Бұл ретте те жетісулықтар тәртіп бұзуда. Өңірлік полиция департаментінің жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Мырзабек Сырғабаевтың айтуынша, жаңа облыста қоғамға кесірін тигізетін бұзақылар азаймай отыр. Бүгінде 60-қа жуық адам заң алдында жауапқа тартылған.

Осы жылы өңір көлемінде шағын бұзақылыққа барған, дөрекі сөйлеген, кісіге жөн-жосықсыз соқтыққан, ортасын құрметтемеген, көпшіліктің берекесін алған 57 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осылайша «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің» 434-бабымен қараған сот органдары айыппұл салуға немесе қамауға алуға шешім шығарады. Өкінішке қарай, өткен жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға артқан. Сондықтан ұсақ бұзақылықтың алдын алу жұмыстары жүргізіле береді, - дейді полиция подполковнигі Мырзабек Сырғабаев

Оның айтуынша, бүгінде тәртіп сақшыларына артылар жауапкершілік еселенген. Өзгенің намысын таптап, қадірін түсірер сөз сөйлеу қылмыспен пара-пар. Соған сай 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынбақ. Сонымен қатар 120 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстармен айналысу жүктеледі. Сондай-ақ жаза сот арқылы ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамауға алу түрінде де берілмек. Дегенмен қылмысқа нақты дәлел керек. Яки құқық бұзушының аудио-бейне жазбаға түсіріп, мамандарға көрсетуі шарт. Содан кейін қылмыс сараланып, сотқа жолданады. Бұл жерде құқық бұзушы қай тілде балағаттағаны қарастырылмайды.

Жалпы, Жетісу өңірінде заңбұзушылықтар салыстырмалы түрде біраз азайған. Оны облыстық полиция департаментінің мәліметінше қылмыс көлемі былтырға қарағанда 4,7 пайызға төмендеген. Атап айтсақ, кісі өлтіру, қарақшылық, тонау, бұзақылық, мал ұрлау түйткілдері әжептеуір азайған. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде көше қылмысы да сейіліпті. Өткен жылы 3 мыңға жуық қылмыс ашылып, іздеуде жүрген жүзге жуық қылмыскер құрықталған. Одан бөлек 41 қашқынның мекенжайы анықталыпты.

Мысалы, өткен жылы 826 ұрлық ісі ашылып, 59 қылмыстық топқа кісен салынған. Ең ғажабы, 231 млн қаржы зардап шеккен адамдарға берілген. Мұндай нәтижеге жетіуге көбіне бейнебақылау камераларының пайдасы зор. Камера көмегімен 249 іс толық зерттеліп, 16 146 құқықбұзу оңай көзге түскен. Міне, бүгінде сол себепті облыс әкімдігі барынша халық көп жүретін орындарға бақылау құрылғыларына жиірек орнатуды қолға алмақ. Алдағы 2 жылда өңір орталығында 585 бейнекамера іске қосылады.

Қазір, тәртіп сақшыларын мал ұрлығы әбігерге салуда. Жаз бастала малды еркіне жіберген шаруалар айлың күннің аманында малынан айырылып қалуда. Көбі сырға һәм таңба салмағандықтан мамандар ұрлықы малды түстей алмауда. Қараусыз жайылған сиырлар жол апатына әкелуде. Өткен жылы 2 жолаушы қаза тауыпты. Осы ретте 1975 адам 19 млн теңгеге жуық айыппұл төлеген. Өткен жылы 8 қылмыскер топ мал ұрлау барысында ұсталған. Қолды болған 500-ге тарта ашатұяқ иесіне қайтарылыпты.

Ендігі мәселе алаяқтардың көптігі. Халыққа қанша ескерткенімен былтыр 915 оқиға тіркелген. Соның басым бөлігі интернет айлакерлері. Одан бөлек 52 есірткі саудасы да құзырлы органдардың құрығына іліккен. Өңірде есіркімен айналысатындардың да қарасы көп. Әсіресе, синтетикалық есіркі таратқандарды алдын алу қиын болып тұр. Жүз келіден астам наша шөбі тәркіленген.

Отбасылық зорлық-зомбылық түйткілі де азаяр емес. Департамент дерегіне сүйенсек, жыл шеңберінде мыңннан астам қоңырау түседі. Соның бәрінде әйелдер соққыға жығылғаны баяндалады. Бұл ретте мамандар ішімдікке салынған жетпістен астам адамды емдеу мекемелеріне тапсырған.

Бүгінде жол-көлік соқтығысы да өзекті мәселеге айналып отыр. Кінә –жүргізушіде. Көп жағдайда жылдамдықты шектен тыс асыру, ережеге бағынбағанның кесіріне апатты оқиғалар жиілеуде. Мысалға, Алматы – Өскемен автожолының қауіпті белдеулердің қатарында. Оның 124-616 км аралығына соған сай ескерту қойылған, бірақ асыққан көлік иелері ескермейді. Сондықтан 21 қақтығыс орын алды, 9 адам қайтыс болып, 54 адам түрлі жарақаттанды. Облыс ішінде автоматты «ViDAR SPEED-R» жүйесі қойылған. Апарат 9 мыңға жуық жүргізушінің өрескел әрекетін әшкерелеп, 200 млн теңгеден астам айыппұл салды, - дейді департамент өкілдері.

Қазір өңірде «Сергек» жүйесін көбейту жоспарлануда. Бұл өлімге себеп болар апатты жағдайлардың алдын алады.

Өзгелердің жаңалығы