БҰҰ Қырғызстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге дайын

7 Қазан 2020, 23:17
1615
Бөлісу:
БҰҰ Қырғызстандағы жағдайды бейбіт жолмен шешуге дайын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш Қырғызстандағы соңғы оқиғаларды мұқият бақылап отыр. 6 қазан бас хатшының ресми өкілі Стефан Дюжаррик таратқан хабарламада осылай деп жазылған.

Хабарламада Гутерриштің адам өлімі болғанына өкініш білдіретіні, барлық тарапты күш қолданбай, ұстамды болуға шақырғаны айтылған. Ондағы ақпарат бойынша, Гутерриш барлық субъектілерді өзара диалог орнатып, Конституция аясында әрекет етуге үндеген.

БҰҰ мәселені бейбіт реттеуге бағытталған барлық талпынысты, БҰҰ-ның Орталық Азияға арналған превентивті дипломатия бойынша аймақтық орталығы (UNRCCA) арқылы қолдауға дайын - делінген хабарламада.

Осы апта басында Бішкекте 4 қазанда өткен парламент сайлауының алдын ала қорытындысына наразылық акциялары басталып, кейінірек Қырғызстанның өзге аймақтарына жайылған. Бішкектегі наразылық акциясы кезінде бір адам қаза болып, жүздеген адам жарақаттанған. Олардың арасында милиция қызметкерлері де бар.

6 қазанға қараған түні наразылар президент пен парламент отырған ғимаратты, мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимаратын басып алды. Жемқорлық бойынша айыпталып, түрме жазасына кесілген бұрынғы президент Алмазбек Атамбаев, бұрынғы премьер-министрлер Сапар Исаков, Жантөрө Сатыбалдиев қамаудан шығарылды. Атамбаевпен бірге айыпталған саясаткер бұрынғы депутат Садыр Жапаров та түрмеден шыққан. 6 қазанда оны бірқатар депутаттар премьер-министрлікке ұсынғанмен кейбір саяси күштер оның кандидатурасына қарсылық білдірген.

Өзгелердің жаңалығы