Түркістан облысы, BAQ.KZ. Кез келген ауданның, аймақтың, тіпті тұтас мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеретін – ол кәсіпкерлік, оның ішінде өнеркәсіп саласы.
Былтыр Мақтаарал ауданында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2017 жылы 5,8 млрд теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 6,5 млрд теңгеге жетті. Ал, былтыр өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 4,5 млрд теңгеге жетсе, биыл 5,0 млрд теңгені құраған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мәлімдеді.
Өздеріңізге белгілі, іріленген Мақтаарал ауданының индустриалды аймағы мен логистикалық орталығы жұмыс жасайды. 2018 жылдың соңында индустрияландыру картасы аясында "Soldatos" ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты мен "Asi Metall Grup LTD"-ның темірді қайта өңдеу өндірісі іске асты.
Бүгінгі таңда Германиядан әкелінген технологиямен "Soldatos" ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты өз жұмысын бастап кетті. Греция мемлекетінің инвестициясы арқасында Алзақ Шынтаевтың басшылығындағы өндіріс орны тәулігіне 1000 тонна асфальт-бетон өнімдерін өндіре алады. Құны 300 миллион теңгені құрайтын зауыт 30адамды жұмыспен қамтып отыр.
«Бұған дейін біз ішкі көшелерді жөндеуге қажетті асфальт өнімдерін Сарыағаш ауданынан таситын болғанбыз. Бұл үрдіс - жолдың ұзақтығы үшін асфальттің бағасын қымбаттатса, екінші жағынан сапасын нашарлататын еді. Өйткені, асфальт балқыған күйінде төселуі тиіс. Жол жүріп келем дегенше суып қалады. Міне, жаңа өндіріс ошағын ашу арқылы ауданымызды және Жетісай ауданын асфальт-бетон өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмыз» - деді Бақыт Насырханұлы.
Қазіргі таңда «Asi Metall Grup LTD»-тің темірді қайта өңдеу өндірісі зауытының құрылысы жүріп жатыр. Ауғандық кәсіпкер Сатар Абдулдың жобасы жылына 3 мың тонна темірді қайта өңдей алады. 100 миллионтеңгенің құнын құрайтын зауыт 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.
Мақтаарал ауданында 2018-2019 жылдарда Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасынан тыс іске асатын 3 жоба бар. Олар «GREEN CROOS ECO» ЖШС-нің медициналық-фармацевтикалық заттар өндірісі,«Мегагорстрой» ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы және «Бақтияров» ЖК-нің автопаркинг қызметі.
«GREEN CROOS ECO» ЖШС-нің медициналық-фармацевтикалық заттар өндірісі жобасына Нурмахан Таласов басшылық етеді. 2019-2021 жыл аралығында іске асырылатын жоба жылына 10 мың дана өнім шығара алады. Құны 300 миллион теңгені құрайтын өндіріс орны іске қосылғаннан соң 35 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын болады.
Аграрлы ауданда шаруалардың өнімін сақтап, әрі қарай сату үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында ауданның кіреберісіндегі Азаттық ауылынан замануй үлгідегі сауда логистикалық орталығының құрылысына 9гектар жер учаскесі резервке алынған. Орталықта заманауи үлгідегі жеміс-жидек сақтау қоймалары, уақытша сұрыптау қоймалары, мұздатқыш камералары, жүк көліктеріне арналған тұрақжай мен техникалық қызмет көрсету стансасын салуға жалпы құны 600 миллион теңгеден аса инвестиция тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Соның бірі - Нұрсұлтан Сақтағанов бастаған "Мегагорстрой" ЖШС-нің көкөніс сақтау қоймасы. Құны352,8 миллион теңгені құрайтын қойма 1000 тонна өнімді сыйдыра алады. Сондай-ақ, жоба іске асқанда 28 адам жұмыс орнымен қамтылмақ.
Сауда-логистикалық орталықта аудан аумағында өндірілген қауын-қарбыз, алма, жүзім өнімдерін қайта сақтаудан бөлек, оны өңдеу арқылы шырын, тосап т.б. дайын өнімдер жасайтын цехтарды іске қосу жоспарлануда. Ол үшін тамыз айында «Қауын фест» облыстық фестивалі өткізіліп, шетелден инвесторлар шақырылған. Сондай-ақ, аудандық кәсіпкерлер де қауын-қарбызды өңдейтін шағын цех ашуға қызығушылық білдіріп отыр.
Мақтаарал ауданының логистикалық орталығында жүзеге асып жатқан тағы бір жоба - "Бақтияров" ЖК-ның авто тұрақжайы, қонақ үй және қызмет көрсету орталығы. Жобаға 250 миллион теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, 25 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.