Бесқарағайда 400 гектарға жуық аумақты шарпыған өрт сөндірілді

27 Шілде 2023, 09:04
895
Бөлісу:
Бесқарағайда 400 гектарға жуық аумақты шарпыған өрт сөндірілді
Фото: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі

Абай облысының Бесқарағай ауданындағы орман өрті сөндірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ Абай облысы ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметі мәлім еткендей, «Семей Орманы» МОТР өкілдерінің ақпараты бойынша 2023 жылғы 26 шілдеде сағат 18:00-де Бесқарағай ауданындағы 385 гектар алқапты шарпыған орман өрті толығымен сөндірілді.

Естеріңізге сала кетейік, 15 шілдеде өртке қарсы қызметке Бегенев орманшылығында құрғақ шөптің өртеніп жатқаны және орман қорына қауіп бар екені туралы хабарлама келіп түскен болатын. 

«Семей Орманы» МОТР және Абай облысы ТЖД қызметкерлері дереу оқиға орнына барды. Оқиға орнына келген кезде орман алқабының жанып жатқаны анықталды. Өртті сөндіру ауа райының қолайсыздығымен қиындады: жоғары ауа температурасы, қатты жел және тығыз өсетін дақылдардың болуы, сондай-ақ тұзды және батпақты жерлер. Орман шаруашылығы қызметкерлерінің, азаматтық қорғау органдары мен өрт сөндірушілердің ыстық ауа райына қарамастан отпен үйлесімді күресі мен жанқиярлық ерлігінің арқасында өрт толығымен сөндірілді, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Абай облысы ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға шақырады.

Өзгелердің жаңалығы