Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Бес жылда елімізде балық өсірушілер саны 4 есеге артты

Бүгiн, 08:54
117
Бөлісу:
 freepik
Фото: freepik

Бабын тапқанға балық – нағыз байлық. Соңғы жылдары бұл саланың дамуына берілетін демеу қаржы айтарлықтай көбейіп, қолдан балық өсіруге қызығушылық артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Биыл бұл салаға 3,5 млрд теңге субсидия бөлінді. Бұл – бес жыл бұрынғы көлемнен 7 есе көп. Нәтижесінде аквакультураға сұраныс өсіп, нарықта бәсеке қалыптаса бастады. Қазіргі таңда ел бойынша 650 шаруашылық балық өсірумен айналысады.

Былтыр балық өсіру және өңдеу жобаларына арналған бюджеттік несиелеу жүйесі іске қосылып, оның аясында 7 жаңа жоба қаржыландырылды.

Сонымен қатар, Каспий теңізінде майшабақ аулау лимиті 8 мыңнан 33 мың тоннаға дейін артты. Балықшыларға порттық қызметтердің 70 пайызы жеңілдікпен көрсетіледі.

Қазақстан үшін тың бастама – Каспийде теңіз форелін қолдан өсіру жобасы басталды. Әдетте бұл албырт тұқымдас балық Атлант мұхиты, Балтық және Қара теңіздерінде ғана тіршілік етеді.

Қазір үш қоршау орнатылды, саны алтауға дейін көбейеді. 2027 жылға дейін 5 мың тонна теңіз форелі өндірілмек. Бұл – импортты алмастыратын өнім. Бүгінде еліміз 56 мың тонна балық импорттайды, соның бір бөлігін осы өнім жабатын болады, – деді Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов.

Сарапшылардың айтуынша, 2027 жылға қарай балық импорты 67%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Саладағы ашықтықты қамтамасыз ету үшін e-fish ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе арқылы балықтың ауланған жерінен бастап, тұтынушыға жеткенге дейінгі толық жолы көрінеді. Ветеринария, кеден қызметі, прокуратура сияқты бақылаушы органдар да осы жүйе арқылы ақпарат алады.

Қазақстанда 20 су айдыны республикалық және халықаралық маңызға, ал 3 мыңға жуығы жергілікті маңызға ие. Балық ресурстарын бақылау үшін 11 облыста арнайы ұйымдар құрылды. Қалған өңірлерде мұндай құрылымдар келесі жылы жасақталуы тиіс.

Өзгелердің жаңалығы