Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мегаполис әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық бойынша қылмыстық істі тыңдау өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Істі судья Әбинұр Қарабаев қарайды. Отырыс ашық режимде мемлекеттік түрде өтетіні айтылды.
Айыпталушы Ернар Жиенбай сот залына қарауылшы жасақпен жеткізілді.
Жиенбай өзін отбасының психологиялық күйін алға тартып, сот залында фото- және бейнежазбаға түсіруге қарсы шықты. Судья айыпталушы Ернар Жиенбайдың өтінішін қанағаттандырып, оны фото-, бейнеге түсіруге тыйым салды.
Алдын ала тыңдалым Руслан Берденовтің қатысуынсыз басталды.
Процеске үш прокурор, жәбірленуші Берденовтің өкілі, сондай-ақ айыпталушының төрт адвокаты қатысты. Жиенбайдың қорғаушыларының бірі – өзінің әкесі екенін айта кеткен жөн.
Прокурор айыптау қорытындысын оқып берді. Оған сәйкес, Жиенбай аңшы мылтығынан бес рет атқан және тағы атуға оқталғанда, оқ-дәрісі таусылған.
Өз кезегінде айыпталушы тергеу барысында оған күш қолданылғанын айтты. Сотқа сәйкес дәйектерді ұсынуға дайынмын деп отыр.
Судья Қарабаев Руслан Берденовтің 6 тамыз күні сағат 10:00-ге белгіленген келесі сот отырысына жеке қатысуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Алайда басты сот отырысының онлайн-трансляциясы ұйымдастырыла ма, жоқ па, белгісіз. Техникалық тұрғыдан бұл мәселе әлі қаралып жатыр, - деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.
Жиенбайға ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы — 24-бап, 3-бөлім ("Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу") және 99-бап, 1-бөлім ("Адам өлтіру") бойынша айып тағылып отыр.
Еске салайық, Шымкент әкімі Руслан Берденовке 21 сәуірде қалалық әкімдіктің ғимараты жанында қастындық жасалды. Шымкент әкімдігі Берденовке жасалған қарулы шабуылға қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Сондай-ақ, Руслан Берденовті атқан күдікті Ернар Жиенбайдың әйелі де мәлімдеме жасаған еді.