Беларусь елінің «Лосвидо» полигонында элиталық кәсіби сынақтарға қатысушылар марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл сынаққа қатысқан 98 десантшының 28-і ақтық сынға жетті. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Десанттық-шабуылдау әскерлерінен үш қыз және бес әскери қызметші бар.
Марапаттау рәсімін Беларусь Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің қолбасшысы генерал-майор Вадим Денисенко жүргізді. Ол биылғы жылы сынаққа қатысушылар сапалы дайындалып, батылдық танытып, бұрын-соңды болмаған жақсы нәтижелер көрсеткенін атап өтті.
Қазақстаннан келген достарымыз мықты дене дайындығы мен табандылық көрсетіп, лайықты бағаланды. Ақтық сынға бес адамның жолдама алуы – жоғары көрсеткіш. Тек алға! – деді қазақстандық десантшыларға генерал-майор Вадим Денисенко.
Салтанатты марапаттау рәсімінің алдында сынақтардың ең күрделі кезеңі өтті. Таңертеңнен бастап жарысқа 39 қатысушы жару жұмыстарына шықты. Олар шоғырланған зарядты дәл есептеп, белгіленген конструкцияны жарып тоқтатуы керек болды.
Бұл тапсырманы орындаған әскери қызметшілер автомат пен тапаншадан тактикалық атыстарды және мерген мылтығынан, пулеметтен және танкке қарсы қол граната атқышынан бақылау атыстарын орындау үшін атыс шебіне барды. Нысанаға тиген қатысушылар бірден «барлаушы соқпағы» және су кедергілерін еңсеру үшін жорыққа шықты.
Алдыңғы кезеңнің уақыты мен нормативтерінен мүдірмей өткендер, демалмастан, бірден қоян-қолтық ұрыстың жекпе-жегіне қатысты. Мұнда олардың әрқайсысына кезек-кезекпен ауысып, үш қарсылас шықты.
Сайыстың нәтижесінде бес қазақстандық десантшы «Ерлік пен шеберлік» төсбелгісімен марапатталды. Олар – лейтенант Шыңғыс Құдайберген, 3-сыныпты сержанттар Бектайыр Жәтенов пен Азамат Әбуов, аға сержанттар Бекжан Мұхаев пен Сәкен Балтабай. Мұндай сайыста десантшы үшін ең маңыздысы алынған тәжірибе екені сөзсіз.