Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі Үйлестіру кеңесінің XI отырысы өтті. Жиынға БҰҰ өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің басшылары қатысты.
Отырыс барысында Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бағытындағы жұмыстары, өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру және әлеуметтік көрсеткіштерді жақсарту мәселелері қаралды.
Жиынды ашқан Серік Жұманғарин Қазақстанның жаһандық орнықты даму күн тәртібіне бейілді екенін және халықаралық қоғамдастықтағы ұстанымын нығайтып келе жатқанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлденеше рет назар аударғандай, Орнықты даму мақсаттарын жүзеге асыру біздің ұлттық басымдықтарымызбен тікелей байланысты. Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан орнықты даму міндеттерін мемлекеттік жоспарлау мен бюджетті қалыптастыруға біріктіргенін атап өтті. Осы бағдарларға қол жеткізуде біз халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береміз, – деді вице-премьер.
Өңірлерді дамытуға басымдық беріледі
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднаарагча орнықты даму мақсаттары бойынша жыл сайынғы ұлттық есеп әзірлеудің, бюджеттік жоспарлауды осы міндеттермен байланыстырудың және өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ климаттың өзгеруі мен су ресурстарын басқару бағытындағы Қазақстан мен БҰҰ-ның бірлескен жұмысына назар аударды.
Ал БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа орнықты даму мақсаттарын мемлекеттік жоспарлау жүйесіне енгізу бойынша ілгерілеушілік бар екенін атап өтті.
Оның айтуынша, алдағы міндеттердің бірі – ұлттық басымдықтарды өңірлердің ерекшеліктеріне бейімдеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және аумақтардың экономикалық әлеуетін толық пайдалану.
Осы бағытта Еуропалық Одақтың қолдауымен жергілікті өзін-өзі басқару реформасына жәрдемдесуге арналған үш жылдық бастама іске қосылды. Жоба Ұлттық экономика министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Абай, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында жүзеге асырылады.
Бастама жергілікті экономиканы ынталандыруға, өңірлердің әлеуетін нығайтуға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және халықтың табысын арттыруға бағытталған.
Әлеуметтік қамсыздандыру мен білім беру саласындағы нәтижелер
Кеңес отырысында Қазақстанның орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу бойынша аралық көрсеткіштері де қаралды.
Атап айтқанда, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамтылған халықтың үлесіне қатысты индикатор бойынша оң динамика тіркелген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамтылғандар қатарындағы отбасылар саны 54,4 мың болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 41,3 мың отбасына дейін азайған.
Қызылорда облысында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған мектептердің үлесі 99,3 пайызға жетті. Сонымен қатар өңірде үш ауысымды және апаттық мектептер мәселесі толық шешілген.
Жетісу облысында газдандыру деңгейі артады
Жетісу облысында да инфрақұрылымды дамыту бағытында ілгерілеушілік бар. Өңірді газдандыру аясында Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңындағы аумаққа дейінгі аралықта 110 елді мекен газбен қамтамасыз етілген.
Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы өңірде газға қосылған елді мекендер саны небәрі бесеу болған.
Қазіргі уақытта облысты газдандыру деңгейі 67,2 пайызға жетіп, 467 мың адам табиғи газбен қамтылған. Биыл тағы 16 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Осы жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі газдандыру деңгейін 72 пайызға жеткізу көзделген.
Орнықты даму мақсаттарының орындалуы тұрақты бақыланады
Отырыс қорытындысы бойынша Орнықты даму мақсаттарының жүзеге асырылуын тұрақты мониторингтеу мен бағалаудың тұтас ұлттық жүйесін қалыптастыру негізгі бағыттардың бірі ретінде белгіленді.
Сонымен қатар ОДМ индикаторларын жергілікті деңгейге бейімдеу жұмыстары жалғасады. Бұл өңірлердің ерекшеліктерін ескеруге, даму көрсеткіштерін нақты бағалауға және мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.