Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның бес өңірінде есірткіні көтерме таратушылар желісі жойылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бес өңір мен арнайы бөлімше полицейлері ауқымды арнайы операция өткізді.
Нәтижесінде есірткіні көтерме таратушылар желісі жойылды, заңсыз бизнеске қатысқан 10 адам ұсталды.
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Ерлан Омарбеков түсіндіргендей, қылмыстық топ қараша айының басында көзге түскен. Ресейден келген фигуранттардың біріне жүк тасымалы арқылы есірткі өндірісі үшін пайдаланылуы мүмкін прекурсорлар берілгені анықталды.
Тапсыру кезінде қылмыстық топтың екі қатысушысы жүкті қабылдаған адам және жүк тасымалдау құжаттары ресімделген адам анықталды. Әрі қарай оларды бақылау тәулік бойы жүргізілген.