Бес мыңнан аса павлодарлық қаржылық пирамидалар шырмауына іліккен

2 Мамыр 2024, 14:10
474
Бөлісу:
Бес мыңнан аса павлодарлық қаржылық пирамидалар шырмауына іліккен
Фото: Нұркен Алишев - архив

Павлодар облысының 5 мыңнан аса тұрғыны қаржылық пирамидалардың құрбанына айналды. Сенгіш азаматтар 8 млрд теңгеге жуық «инвестиция» құйған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті өкілдерінің хабарлауынша, қазірге дейін қаржылық пирамидаларға қатысты екі қылмыстық іс қаралды.

Біріншісі - «Q-net» компаниясы құрылымдық бөлімінің жетекшілігіне қатысты сотқа дейінгі тергеу. Олар 2018-2021 жылдар аралығында қаржылық-инвестициялық компания құрған. Тергеу амалдары бойынша 40 салымшы зардап шеккен болып танылды. Олар 36 млн теңге көлемінде инвестиция құйған. Екінші іс HAS холдинг қаржылық пирамидасын құрған бір топ азаматқа қатысты тергелуде. Күдіктілер 18 мыңнан аса келісімшарт жасап үлгерген. Бес мыңнан аса сенгіш салымшы 7,6 млрд теңгесінен айырылып, сан соғып қалды. Осы күнге дейін пирамида құру салдарынан келтірілген шығынның 3,7 млрд теңгесі қайтарылды, - деді департамент басшысының орынбасары Қамбар Қабдуллин.

HAS қаржылық пирамидасын ұйымдастырғандар қамауға алынып, олардың мүлкі тәркіленді. Жеке мүліктің құны - 1,4 млрд теңге.

Мамандардың айтуынша, қаржылық пирамидалардың көбі «желілік маркетингтің» кейпін жамылып, тұрғындарды алдайды. Тұрғындарға салынған қаражаттан инвестиция түсетініне уәде береді.

Бұл – қаржылық пирамидалардың негізгі белгілері. Қазір аймақта интернет-алаяқтық та белең алып жатыр. Бұған жол бермей, алдын алу мақсатында жұмыс топтары құрылған, - дейді мамандар.

Онлайн-казиноларды тауып, бұғаттау бойынша да жұмыстар атқарылды. Мамандар бір жыл ішінде 500-ден аса сайтты анықтап, жартысына жуығын бұғаттады.

Өзгелердің жаңалығы