Шаруа: Бес мың шаруаның атынан айтамын, бүгінгі қолдауларыңыз – шала

25 Наурыз 2021, 12:18
3290
Бөлісу:
Шаруа: Бес мың шаруаның атынан айтамын, бүгінгі қолдауларыңыз – шала

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтіп жатқан Жер реформасы жөніндегі комиссия отырысы барысында Қазақстан ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының төрағасы Алмасбек Садырбаев айтты.

Бізде жалаң ұранмен, жалпы әңгімемен барлығын жасауға тырысады. Мал шаруашылығы саласында жүргеніме 17 жыл болды. Бүгінгі талқыға салынып жатқан мәселелерге қатысты айтарым, жер митингісі болғандағы халықтың талабы орындалды. Космомониторингке ешкім қарсы емес, бірақ бүкіл шаруа қолдаудың космомониторингіне қарсы. Қолдау қазақтың шаруасын торлап болды. Мүмкін конкурс, мүмкін басқа дүние болған шығар, бірақ нәтижесі бүгінгідей шала дүние. Бес мың шаруаның атынан айтамын, бүгінгі қолдауларыңыз – шала. Ол мемлекеттікі болуы керек, - деді ол.

Қауымдастық төрағасы аграрлық салыққа қатысты да пікірін білдірді. 

Аграрлық салық деген жақсы, тұтас әлемде солай. Бірақ оның түбін зерттей келе мен Премьер-министр канцеляриясына дейін жеттім. Сонда байқағанымыз, бірыңғай салық бойынша 100 га бар Сағат ағамның салығы 247 есе өсіп кеткен, ал өзім ерекше құрметтейтін мырзалардың салығы керісінше, екі есеге төмен түсіп кеткен. Сонда біз бірыңғай салықты қарапайым халықты қанап, байлардың салығын төмендету үшін жасағанбыз ба?! Бұл мәселеге кәсіби мамандардан жөн сұрап, қарау керек, - деді ол.

Айта кетейік, комиссия құрамында Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, фермерлер, салалық бірлестіктер мен Фермерлер одағының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, журналистер мен блогерлер бар.

Өзгелердің жаңалығы