Берлин-Бранденбург әуежайында қызметкерлердің ереуіліне байланысты 18 наурызда барлық рейстер тоқтатылады, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл күні 445 рейс орындалмайды, ал шектеу шамамен 57 мың жолаушыға әсер етеді. Жолаушыларға билеттерді қайта рәсімдеу немесе сапардың балама нұсқаларын қарастыру үшін авиакомпанияларына жүгіну ұсынылды.
Ереуілді Verdi кәсіподағы ұйымдастырған. Кәсіподақ әуежайдың шамамен 2000 қызметкерін бір күндік ескерту ереуіліне шақырды.
Кәсіподақ өкілдері қызметкерлердің жалақысын 6%-ға және айына кемінде 250 еуроға арттыруды талап етуде. Ал әуежай басшылығы жалақыны 2028 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен көтеруді ұсынған. Бұл ұсыныс жылына шамамен 1% өсімді ғана қамтамасыз етеді.
Verdi келіссөз жүргізушісі Холгер Ресслер мұндай ұсынысты «маңызды емес, келіссөз үстеліндегі арандатушылық» деп бағалады.