Бензин бағасы өскеннен кейін не болады? Жанармайдың жалпы инфляциядағы үлесі хақында

5 Сәуір 2023, 12:44
2679
Бөлісу:
Бензин бағасы өскеннен кейін не болады? Жанармайдың жалпы инфляциядағы үлесі хақында
Фото: inform.kz

Үкімет бензин мен дизельдің қазіргі бағасы нарықтық реализмнен мүлдем алшақ екенін дәлелдеп, бензинді 11 пайызға, ал дизельді 20 пайызға қымбаттату бойынша ауырлау мәлімдеме жасауға мәжбүр болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

 Дизель жолында Энергетика министрі Болат Ақшолақов құрбандыққа шалынды.

Мұндай құрбандықтан кейін әрине, Үкіметте халық бензин мен дизельдің қымбаттауына қатты шамданбайды деген үміт болғаны рас. Бірақ оны қазіргі құрбандық емес, ертеңгі бағаның өсу қарқынына қарап болжауымыз керек. Мүмкін халық елемей кетер, мүмкін халық қарсы шығар. Бәрі де мүмкін.

Бұл қадамға Үкіметтің ұзақ уақыт оқталып жүргендігін, көп жағдайда жүрегі дауаламағанын айта кету керек. Кем дегенде екі жыл бойы Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі жанармай нарығында Қазақстан сиятын жер таппай жүрді. Мұнай өңдеу зауыттарының жаны қинала бастағандықтан, тек екі жол ғана қалып тұр еді: не Еуразиялық экономикалық одақтан кету, немесе жанармай бағасын солардың ортақ деңгейіне жеткізу. Егер бұл логикамен алып қарағанда, АИ-92 маркалы бензинінің 11 пайызға, ал дизельдің 20 пайызға қымбаттауы шала шешім, ол компромис мәселені шешпейді және төмендеп келе жатқан инфляцияны қайта қоздыра бастайды.

Себебі: ЕАЭО деңгейі десек, онда АИ-92 маркасының бір литрі 300 теңге тұруы керек. Біз 205 теңге деп қойған бағамызбен, бәрібір біздің жанармайды канистралар мен бактарға құйып сыртқа тасу жалғаса бермек. Есесіне, инфляцияны оятып аламыз.

2021 жылы біздің осы проблеманы түпкілікті шешетін мүмкіндігіміз болған еді. Бірақ ол кездегі шалажансар шешімдер проблеманы түбімен жоя алмады, тек болашаққа ысыра салған. Сол проблемалар қордаланып, енді алдымыздан шығып отыр. 2021 жылы біздің жанармайды ресейліктер, қырғыздар мен өзбектерді сыртқа таси бастауы күрт үдегені есте. Онда Үкімет осы нарықты ұстап тұра алмайтынын мәлімдесе де, нақты шараларға бара алмады. Министрлер кабинеті ұсынған бағаны реттеу және «арзан» мұнай өнімдерін тарату жүйесін құру тиімсіз және шығыны көп әдіс болып шықты. Төмен баға игілігін тұрмысы төмен азаматтар ғана емес, көршілес мемлекеттердің тұрғындары пайдаланып кетті.

2022 жылы да осы мәселеге нүкте қоюға болатын еді. Былтыр 1-ші шілдеде Қазақстан билігі енгізген жанар-жағармай бағасын мемлекеттік реттеу мерзімі аяқталды. Бірақ, «Қаңтар оқиғасынан» сескеніп қалған билік мәселені сол кезде шеше алған жоқ. Қолынан бар келгені, мемлекеттік реттеу мерзімін ұзарту болды. Сондықтан елімізде жыл басынан бері жанармай бағасы өзгермеді. Ең танымал АИ-92 маркалы бензин жергілікті жанар-жағармай құю станцияларында литрі 179-182 теңгеден, АИ-95 215 теңгеден, дизель 230 теңгеден сатылып келді. Бірақ бұл өз-өзін алдау еді. Себебі, нарыққа қарама-қайшы шешімдер нарықтың түпкілікті бұрмалануына немесе көлеңкелі жолдардың пайда болуына алып келеді. Бұл жолы да солай болды.

Инфляция не болады?

Жанармай, мысалы бензиннің инфляция деңгейіндегі үлесі – бізді қызықтыратын сұрақ. Инфляциялық каналдың бұл жайтқа қандай реакция берері белгісіз. Өткен наурызда Қазақстан инфляцияның бетін бері қарата бастаған болатын. Наурыз айының қортындысы бойынша жылдық инфляция 18,1%-ды құрады. Бұл оның биыл 20 пайыздан алғаш рет түскені. Ақпанда инфляция 21,3%, қаңтарда 20,7% көрсеткен еді.

Бензин, дизель, электр энергиясы мен газ мультипликативті әсері өте жоғары тауарлар тобына жатады. Яғни оның бағалары тауарлар мен қызметтер тізбегіндегі қорытынды құнның құрылымында елеулі рөл ойнайды. Бізге ұқсас жағдай 2011 жылы Ресейде орын алған болатын. Онда бензин шамамен 12 пайызға қымбаттағанда, осы қымбаттаудың жылдық инфляцияға қосқан үлесі 0,3% болып шыққан. Осы факторды ескерсек, және Үкімет шешіміне қатысты экономикалық белсенді ортада инфляциялық күтулердің артып кеткенін, әлемдегі инфляцияның бізде гиперленіп, әсерленіп өсетін ұлттық құбылысты назарда ұстасақ, жанармай бағасының қымбаттауы біздегі жылдық инфляцияға кем дегенде 0,8% қосып береді деуге негіз бар.

Харакириді дұрыс жасамаған самурайдың жаны қиналады. Қазір министрлер кабинетінің, оның ішінде Премьер-министр Әлихан Смайыловтың жаны қиналып жүр деп айтуға болады. Оған нақты екі тапсырма берілген болатын: экономикалық өсім және инфляцияны екі есеге қысқарту. Демек биылғы жылдың соңында Мемлекет басшысы Әлихан Асханұлынан «қорытынды инфляция 10,6%-дан пайыздан төмен болды» деген баяндама күтіп отыр. Бірақ, ондай баяндаманы жасау Марсқа ұшумен бірдей. Себебі, қазір Үкімет басшысының алдында дер кезінде шешілмеген проблемалар кенеттен пайда болуда. Ал оларды шешу жолдарының барлығы инфляцияға жағымсыз әсер береді. Бәрінен де осы қиын болып тұр.

Өзгелердің жаңалығы