Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жағдай 2020 жылдың 15 сәуірінде “Көкшетау-Қостанай” айналма автожолында орын алған, деп хабарлайды ҚР ИИДМ Көлік комитетінің баспасөз қызметі.
Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының мамандары жылжымалы көліктік бақылау бекетінде кезекшілік атқарған кезде Ресей Федерациясында тіркелген м/н E006TB72 (м/н 57KEA03 тіркемесі), жүк – астық тасымалдайтын "Камаз 53205" маркалы шетелдік автокөлік құралын тоқтатқан. Жүктерді каботаждық тасымалдауды жүзеге асыру ҚР заңнамасымен тыйым салынған. Бұл ретте, құжаттарды тексеру барысында жүргізуші тасымалданатын жүкке құжаттарды ұсынбастан, автокөлік құралын өлшеуді жүргізуден бас тарта отырып, автокөлік құралын мемлекеттік тіркеу туралы куәлікті ғана ұсынған. Жүргізуші автокөлік құралын тоқтаған жеріне қалтырып, белгісіз бағытқа жүріп кеткен. Осыдан кейін, мамандар ұсталған автокөлік құралын күзетуге кірісті. Кезекшілік барысында мамандарға көліктік бақылау жүргізбей, яғни жұмыстарына кедергі келтіріп, тоқтатылған автокөлік құралын себепсіз жіберуді талап етіп белгісіз тұлғалар келген. Өз кезегінде, қауіп-қатерге қарамастан, бекет қызметкерлері өздерінің лауазымдық міндеттерін орындап, нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа ала отырып, жүктің шығу заңдылығын растайтын құжаттарды ұсынуды талап етті, – делінген хабарламада.
Арада бір күндей уақыт өткеннен кейін 2020 жылдың 15 сәуірінде сағат 14:15-те бекет мамандарына мемлекеттік тіркеу нөмірсіз үш жеңіл автокөлікпен (Lexus 470 қара түсті, Toyota Land Cruiser 200 шие түсті және Lada Largus ақ түсті) келген 5-6 адамнан тұратын белгісіз тұлғалар шабуыл жасаған.
Осы орайда, белгісіз тұлғалар қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп, ұсталған автокөлік құралына жылжымалы бекет ішіндегі құжаттарды алып, автокөлік шиналарын тесіп, ұсталған автокөлік құралын жүргізіп әкеткен. Көліктік бақылау бекетінің қызметкерлері болған оқиға туралы дереу "102" кезекші Полиция нөміріне хабарлаған. Қазіргі уақытта, Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жүк көлігі табылды, шабуыл жасаған адамдарды іздеу және криминалистикалық жұмыстарды Ақмола облысы полиция департаментінің қызметкерлері жүргізуде, – делінген хабарламада.
Айта кетсек, төтенше жағдай кезінде ағымдағы жылдың 22 наурызынан бастап ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бидай экспортына тыйым салған болатын.