Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы елшілігінде Вашингтонның халықаралық фортепиано өнері кеңесінің қолдауымен классикалық музыка кеші өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы істер ведомствосына сілтеме жасап.
Оның аясында белгілі қазақстандық композитор Нағым Меңдіғалиевтің, сондай-ақ америкалық және еуропалық авторлардың шығармалары шырқалды.
Іс-шараға АҚШ мемлекеттік департаментінің, америкалық сарапшылар қауымдастығының өкілдері және мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысты. Классикалық шығармалардың орындаушысы ретінде Вашингтондағы классикалық музыка қауымдастығының негізін қалаушы, маэстро Наталья Казарян болды.
Жиынды ашқан Қазақстан елшісі Ержан Ашықбаев өнер мен музыканы дипломатия құралы ретінде пайдаланудың маңыздылығын және де бұл шекараларды еңсеруге көмектесетінін әрі ортақ құндылықтар мен құрмет негізінде берік қарым-қатынас орнатуға ықпал ететінін атап өтті. Елші бұл әртүрлі мәдениеттер мен ұлттарды біріктіре алатын әмбебап тіл екенін айтты.
Жиын музыка мерекесі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының халықтары арасындағы мәдени алмасуды тереңдету мен байланыстарды нығайтудағы маңызды қадам болды.