Тілші-ғалым, алаштанушы, публицист Ғарифолла Әнес өмірден озды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы Бағдат Сұлтанқызы Facebook желісіндегі жазбасында естіртті.
Орны толмас қаза, қазақ жұрты!..
Сене алар емеспін. Өкінішті! Ғалым, алаштанушы, публицист, баспагер, қазақ ұлтының Арысы Ғарифолла Әнес өмірден озды. Отбасына, жақын туыстарына, қазақ халқына қайғырып көңіл айтамыз. Ғалымның жаны жәннаттың Фирдаус төрінде шалқысын. Ғарифолла Әнес ағаның жақсылығы ғасырлар бойы қазақ халқының тарихында жасайды... Ағаның әлі ұлты үшін атқаратын ұшан - теңіз жоспары бар еді. Әттең. Қайран, Ағам-ау!” деп жазды Бағдат Сұлтанқызы.
Ғарифолла Қабдолқайырұлы 1957 жылы Құрманғазы ауданы Балқұдық ауылында туған.
ҰҒА-ның А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері. Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің (Жаңалық ауылындағы) меңгерушісі. 1992 жылдан «Репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының және «Арыс» баспасының құрылтайшы-президенті. 2013 жылдан «Қазақстан тарихи-ағарту «Әділет» қоғамының» төрағалығын қоса атқарады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті, «Ана тілі» газетінің қоғамдық негіздегі кеңесшісі.
«Құрмет» «Парасат» ордендерің иегері. Бірнеше мерекелік медальдармен марапатталған.
Баспа және полиграфия ісінің қайраткері (куәлік №47). Атырау облысы Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы (2007). Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданының Құрметті азаматы (2016). Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры және Қорқыт Ата Алтын медалінің иегері (2015). Халықаралық Айтматов академиясының академигі.
Алаш арыстарының мұрасын табу, зерттеу және жариялау ісіне өз үлесін тұрақты қосып келеді. А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов және Х. Досмұхамбетұлы еңбектерін құрастырып, алғысөз-соңғысөздерін жазып, бірнеше рет жарыққа шығарды.
«Алаш. Алашорда» энциклопедиясын жарыққа шығарды (2009), 7 том «Қазақ» газеті (1913 – 1918) мен 7 том «Айқап» журналдарының (1911–1915) толық корпусын жасап «Сарыарқа» (1917–1919) газетін тауып, жинастырып, ХХ ғасыр басында жарыққа шыққан көптеген журналдарды араб қарпінен қазіргі жазу үлгісіне көшіріп, ондаған том басылымдар дайындады. Бүгінгі таңда 100 томнан тұратын «Алаш – 100» мегажобасы жүзеге асырылуда. Заңғар жазушы Ә. Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған «Алпысыншыжылдықтар» атты үш томдық энциклопедиясын жарыққа шығарды.