Беларусьте тұтас бір ауыл 5 млн теңгеге сатылымға шығарылды

Ауыл елдің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан.

 mlyn.by Бүгiн 2026, 15:35
Бүгiн 2026, 15:35
113
Фото: mlyn.by

Беларусьте тұтас бір ауыл сатылымға қойылды, оның бағасы Қазақстанның өңірлеріндегі бір бөлмелі пәтердің құнымен шамалас, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі "Минская правда"-ға сілтеме жасап.

Беларусьтің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан Веселуха ауылы жергілікті валютадағы 30 мың рубльге (шамамен 5 млн теңге) сатылымға шығарылды. Ол Поставы қаласынан 5 шақырым, ал Литва шекарасынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан.

Ауыл шағын – бар болғаны үш үй бар, бірақ соған қарамастан жеке әкімшілік бірлік ретінде саналады. Ең жақын орналасқан Савичи ауылына дейінгі арақашықтық небәрі 1 шақырым, онда 55 адам тұрады.

Аумақта құдық пен электр жарығы бар. Үйлер пешпен жылытылады, кәріз жүйесі жоқ. Жер тыныш, айналасы орман, маңында су көзі бар. Тұрғын үйлерден бөлек, аумақта шаруашылық құрылыстар мен гараж да орналасқан.

Бұл ұсыныстың басты ерекшелігі – оңаша орналасуы. Ауыл көркем табиғат аясында орналасқан, мұнда көлік қозғалысы өте аз, қаланың у-шуынан алыс.

Белгілі болғандай, бұл үйлердің барлығын бұрын бір адам сатып алған. Ол бұл жерде агроусадьба ашуды жоспарлаған, алайда жобасын жүзеге асырмай, енді барлығын тұтасымен сатуға шешім қабылдаған.

Жергілікті билік мәліметінше, бұл ауданда бос тұрған үйлер жиі сатылымға шығарылады. Кейбір ғимараттар сүріліп тасталады, ал кейбірін жаңа иелері сатып алады. Өткен жылы бірнеше үй жаңа қожайындарын тапқан.

Наверх