Қазақстанда 190 жаңа өндіріс іске қосылады. Премьер-министр Бектенов бұл шаралар халық табысын арттыруға және экономиканы жандандыруға бағытталғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналист Бектеновке "Биыл бірінші тоқсанда халықтың табысы 13 пайызға өсті. Бірақ сол табысының 53 пайызын жұмсайды. Халықты қымбатшылық қысып бара жатыр. Үкімет халықтың табысын арттыру үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?" деп сауал қойды.
Бұл мәселенің шешімі - экономиканы дамыту. Жаңа кәсіпорындар ашып, жұмыс орындарын құруымыз керек. Бұл бағытта кешенді шаралар қабылдап жатырмыз. Биылдың өзінде 190 жаңа кәсіпорын ашылады. Оларға әрине жұмыс күші керек. Сол себепті қазақстандықтар жаңа жұмыс орнына орналасып, өмір сүру деңгейін көтере алады. Мемлекет міндеті - әр адамға аталған мүмкіндікті беру. Ал әлеуметтік көмекке келсек, ол тек жұмыс істей алмайтын, өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтын берілуі керек, беріледі де. Бұл бағытта жұмыс жалғасып жатыр, - дейді ол үкіметте өткен брифингте.
Бектенов мемлекеттің міндеті - азаматтарға жұмыс беру екенін қайта еске салды.
Электронды еңбек биржасында 100 мыңнан астам вакансия тұр. Кәсіпорындардың директорларымен сөйлессем мамандар тапшы дейді. Оның ішінде инженерлер, IT мамандар табылмайды. Шетелден алдырып жатады. Міне, осыны ойлау қажет. Ал былай Қазақстанда жұмыс істеймін деп жүрген адамға жұмыс табылады, - деді Олжас Абайұлы.
Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.
Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.