Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстандағы мемлекеттік-саяси жүйені жаңғыртып қана қоймай, инвесторлар үшін құқықтық тұрақтылық пен болжамдылықты күшейтті. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің отырысында мәлімдеді.
Премьер-министрдің айтуынша, 1 шілдеден бастап жаңа Ата заңның күшіне енуімен еліміздің жаңа мемлекеттік-саяси моделін қалыптастыру үдерісі басталды. Оның аясында жаңа заң шығарушы орган – Құрылтайға сайлау тағайындалып, жоғары консультативтік орган – Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы құрылды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты жаңа Конституциядағы бір реттік өкілеттік мерзіміне қатысты норманың қолданылуына ресми түсіндірме берді.
Премьер-министрдің сөзінше, аталған норма тек жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін, яғни биылғы 1 шілдеден бастап тиісті қызметтерге тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Бұл Президентке, Конституциялық Сот төрағасы мен судьяларына, Жоғарғы Сот төрағасына және Бас прокурорға қатысты.
Конституциялық Сот өз шешімімен нақты әрі дәл түсіндіріп берді. Бір реттік өкілеттік мерзіміне қатысты норма жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін тағайындалған немесе сайланған тұлғаларға ғана қолданылады. Құқықтық айқындықтың қамтамасыз етілуі ішкі және сыртқы аудиторияны толғандырған бірқатар мәселені күн тәртібінен алып тастайды. Бұл саяси-құқықтық жүйенің тұрақтылығы мен болжамдылығына ерекше мән беретін инвесторлар үшін де маңызды қадам, – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы президенттік реформалар қоғам тарапынан кең қолдау тауып отырғанын айтты. Оның мәліметінше, соңғы әлеуметтік сауалнама нәтижесінде қазақстандықтардың 87%-дан астамы елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанына сенім білдірген.
Премьер-министрдің пікірінше, реформаларға деген қоғамдық қолдау оларды одан әрі табысты іске асырудың маңызды алғышарты болып табылады.
Жаңа конституциялық модель мен орнықты реформалар бағыты экономикамызды жаңғыртуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға берік негіз болып отыр. Жаңа Конституция аясында елімізде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар ұзақмерзімді әрі өзара тиімді серіктестікті дамытуға қуатты серпін береді, – деді Олжас Бектенов.