Бектенов ұлттық Aitu мессенджерін енгізу қарқынын сынға алды

Бектенов мемлекеттік қызметшілерге қызметтік ақпаратты тек ұлттық платформа арқылы жіберуді тапсырды.

 istockphoto.com 24 Қараша 2026, 11:04
24 Қараша 2026, 11:04
130
Фото: istockphoto.com

Премьер-Министр Олжас Бектенов 2026 жылғы 24 қарашада өткен Үкімет отырысында ұлттық Aitu мессенджерін енгізу жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Оның пікірінше, бұл бағыттағы жұмыс тым баяу жүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.  

Жаслан Мәдиевтің айтуынша, қазір Aitu мессенджерінде шамамен 7 миллион қолданушы тіркелген. Күн сайын платформаны 350 мыңға жуық адам пайдаланады.

Aitu мессенджерін пайдаланған кезде мобильді интернет үшін ақы алынбайды. Платформада eGov GPT сервисі де қолжетімді. Жыл соңына дейін Aitu арқылы 55 мемлекеттік қызметті алуға болады. Сондай-ақ жыл соңына дейін eGov жүйесіндегі мемлекеттік қызметтердің 75–80 пайызын мессенджерге қосуды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттік органдар мен „Самұрық-Қазына“ компаниясы күнделікті жұмысында Aitu Workspace платформасын пайдаланады, – деді вице-премьер.

Алайда Олжас Бектенов мессенджерді енгізу жұмыстарының баяу жүріп жатқанын айтты.

Бұл жұмысты жандандыру қажет. Aitu – жай ғана мессенджер емес. Біз оның негізінде ұлттық экожүйе қалыптастырып, осы бағыттағы жұмысты белсенді жүргізуіміз керек. Әсіресе мемлекеттік қызметшілер Aitu-ды күнделікті пайдалануы тиіс. Қызметтік ақпарат тек ұлттық мессенджер арқылы жіберілуі керек. Бұл тапсырманың орындалуын қатаң бақылауға алыңыздар, – деп тапсырды Үкімет басшысы.

Наверх