Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында болып, Мемлекет басшысының ормандарды қорғауда цифрлық технологияларды енгізу жөніндегі тапсырмаларының орындалуын тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Резерватта Премьер-министр ЖИ негізінде жұмыс істейтін орман және дала өрттерін ерте анықтау жүйесінің пилоттық нәтижелерімен танысты. Бұл технология өрт ошақтарын кез келген ауа райында және алыс қашықтықтан анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Бектенов, сала министрлері мен өңір басшылығының қатысуымен оқу-жаттығу өтіп, онда цифрлық жүйелердің тиімділігі мен өрт сөндіру қызметтерінің өзара іс-қимылы көрсетілді.
Мамандардың мәліметінше, тәулік бойы бейнемониторинг жүргізетін жүйе өрт белгілерін ерте кезеңде автоматты түрде анықтап, жедел басқару орталығына сигнал жібереді. Мұндай орталықтар «Семей орманының» барлық 10 филиалында іске қосылған. Жүйе 100-ден астам сынақтан өтіп, қазір оны жетілдіру жұмыстары жалғасуда.
Президент тапсырмасына сәйкес, бұл технология еліміз бойынша кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Биыл шілдеде 24 табиғи аумақты қамту, ал қыркүйекте жүйені толық іске қосу жоспарланған.
Біз орман қорын қорғаудың жаңа стандарттарын енгізіп жатырмыз. Цифрландыру – негізгі бағыттардың бірі. Технологияларды патрульдеу шараларымен күшейту маңызды, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр цифрлық технологияларды енгізу қарқынын арттыруды тапсырды.
Краснокордон орманшылығында Бектенов орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарымен танысты.
Соңғы екі жылда резерват техникасы толық жаңартылып, тозу мәселесі жойылған. Тек өткен жылы 39 өрт сөндіру көлігі, 26 шағын кешен және 10 трактор сатып алынған. Қазіргі таңда резерватада ондаған өрт стансасы, тікұшақтар мен арнайы техника бар.
Жалпы, ел бойынша өртке қарсы техниканы жаңғыртуға 2024-2025 жылдары 21,5 млрд теңге бөлініп, қамтамасыз ету деңгейі 87%-ға жетті. Лизинг арқылы тағы 1057 техника сатып алу жоспарланып, жұмыстар биыл мамырдың соңына дейін аяқталмақ.