Бектенов Ринат Зайытовтың сауалына жауап берді

7 Қараша 2024, 13:46
700
Бөлісу:
Бектенов Ринат Зайытовтың сауалына жауап берді
Фото: Мәжіліс

Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың еліміздің аумағында ЛБГТ-бірлестіктерінің қызметін шектеуге қатысты сауалына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Премьер-министрдің ресми жауабында құқық қорғау органдарының деректері бойынша елімізде “Калейдоскоп”, “Feminita” және “KazFem” деген 3 бейресми бірлестік жұмыс істейтіні жазылған. Олардың қызметі дәстүрлі емес жыныстық бағыттағы әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғаумен, оның ішінде қоғамда ЛГБТ-қоғамдастығының өкілдеріне деген толерантты көзқарасты ілгерілетумен байланысты.

Көрсетілген бірлестіктер биыл жергілікті атқарушы органдармен келіспей, топтық акциялар ұйымдастырған. Бұл жағдайда олардың әрекеті Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу болып сараланды. ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша 2 белсенді әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - делінген жауапта.

Өз кезегінде ЛГБТ-қозғалысын экстремистік деп тануды халықаралық құқық қорғау ұйымдары азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу бостандығына құқықтарын бұзу ретінде қарастыруы мүмкін.

Бірқатар елдің заңнамасы ЛГБТ-ны кәмелетке толмағандар арасында “насихаттауды” шектейтінін атап өткен жөн, алайда бұл шаралар тек бұқаралық тұрғыдан қарастырылады және мұндай қозғалыстарды экстремистік деп жіктеуге қатысы жоқ. Сонымен бірге биыл Мәдениет және ақпарат министрлігі ЛГБТ-ны ашық және жасырын насихаттауға қарсы петицияны қарайтын жұмыс тобын құрды. Оның құрамына Парламент депутаттары, қоғамдық бірлестіктердің, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Нәтижесінде “жасөспірімдер мен балаларды сексуалдық қатынастарды насихаттаудан қорғау, сақтау туралы” талап бөлігінде петицияны ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданды, - деп жауап берді Бектенов.

Осыған байланысты қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар ЛГБТ қозғалысының кәмелетке толмағандарға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және басқа ықпал ету факторларын зерттеп жатыр.

Бұдан басқа, 2025 жылы осы мәселе бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізу жоспарланған.

Барлық қажетті зерттеулер аяқталғаннан кейін осы саланы реттеу бойынша қоғамдық талқылау ұйымдастырылады.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Үкіметтен феминита қауымдастығына Қазақстан Республикасының аумағында шектеу қоюды және ЛГБТ-ны насихаттауға толықтай тыйым салуды талап еткен болатын. 

Өзгелердің жаңалығы