Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жалпыхалықтық референдум нәтижесінде жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты қазақстандықтарды құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Үкімет басшысы өз құттықтауында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жетекшілігімен Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті.
Премьер-министрдің айтуынша, өткен референдумда қазақстандықтар ауызбіршілік пен отаншылдықтың үлгісін көрсетіп, Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды қолдады.
Біз барлығымыз ел тағдыры үшін маңызды тарихи оқиғаның куәгері болдық. Қазақстандықтар жаңару мен жаңғыруды қолдап, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлестерін қосты, – делінген құттықтауда.
Олжас Бектенов Әділетті әрі өркендеген Қазақстанның жаңа тарихы ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті құрметтей отырып, демократиялық құндылықтар негізінде қалыптасып жатқанын айтты.
Сондай-ақ Үкімет басшысы жүргізіліп жатқан реформалардың сапасы мен даму қарқыны ел алдында тұрған міндеттерді орындауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Барша қазақстандықтарды Отанымыздың Бірлігі мен Тәуелсіздігінің және Егемендігінің символы болып табылатын жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтаймын! - деді ол.