Премьер-министр Олжас Бектенов Қашаған кен орнынан түскен табысқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкіметте өтіп жатқан баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Қашаған кен орнынан алынған табыстың 98%-ы шетелдік компаниялардың қалтасына кетіп жатқаны айтылған. 1997 жылдан бастап Қазақстанда 60-80 млрд доллар инвестиция салынған. 2016-2023 жылы "Солтүстік Каспий" жобасы консорциумы 55 млрд табыс тапқан. Осы табыс басқалардың қалтасын қалыңдатып жатқанына Үкімет бей-жай қарай ма?" деп сұрады БАҚ өкілдері Үкімет басшысынан.
Өздеріңіз білетіндей, біз 1990-жылдары қол қойылған келісімдер шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз. Жоғарыда айтып өттім, оны бір мезетте, бірден өзгертіп жіберу мүмкін емес. Ол елімізге зияннан басқа ештеңе әкелмейді. Ол – инвестициялық климатқа байланысты мәселелер. Бірақ біз қазіргі таңда алдағы уақытқа жаңа келісімдерге қол қоямыз. Осы келіссөздер аясында біз міндетті түрде еліміздің ұлттық мүдделерін қорғайтын боламыз, - деп жауап берді Үкімет басшысы БАҚ өкілінің сұрағына.
Сонымен қатар Бектенов ел мүддесін қорғау үшін арбитражға жүгіну туралы сөз қозғады.
Үкімет, мемлекет, Қазақстан Республикасы өз тарапынан келісімді бұзуға болмайды. Ол инвестициялық климатқа кері әсерін тигізеді. Бірақ өздеріңіз білетіндей, арбитражға бердік. Қазіргі таңда талқылаулар өтіп жатыр. Сондықтан еліміздің мүдделерін арбитражда қорғауға тырысамыз. Алдағы уақытта нәтижесі белгілі болады, - деді Олжас Бектенов.
Еске салайық, Үкіметте Премьер-министр Олжас Бектенов және оның орынбасарларының қатысуымен БАҚ өкілдері үшін баспасөз брифингі өтіп жатыр.
Бұған дейін Бектенов экономикалық өсімді сақтау үшін тапсырмалар берген еді.