Бектенов министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма жүктеді

Кеше, 15:07
256
Бөлісу:
Бектенов министрлер мен әкімдерге бірқатар тапсырма жүктеді
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының биылғы 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Премьер-министрдің орынбасарлары, министрлер мен бірқатар ұйым басшылығы экономика салаларының өсуін қамтамасыз ету, инвесторлар үшін заңнамалық жағдайларды жетілдіру, сирек жер металдары өндірісін дамыту, ядролық кластер құру, жер қойнауын пайдалану саласын реформалау, жол және көлік-логистикалық, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту, "Заң және Тәртіп" қағидатын қамтамасыз ету, цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект енгізу, білім беру және медициналық қызметтер сапасын одан әрі арттыру жөніндегі жоспарлар туралы баяндады.

Премьер-министр алдағы кезеңдегі жұмыстың басты бағыты азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған экономиканың өсуін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Үкімет барлық бағыт бойынша жедел шешімдер қабылдап, Президент тапсырмаларының уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Біз инвестицияларды тарту, салық-бюджет саясатын және жер қойнауын пайдалану саласын реформалау, еліміздің бәсекелестік артықшылықтарын күшейту, іскерлік ахуалды жақсарту, инфрақұрылымдық және энергетикалық даму, цифрландырудың тұтас жүйесін және халықты әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін қайта қарау бағытында белсенді жұмыс істеуіміз керек. Ол үшін Үкіметте өкілеттіктер жеткілікті. Министрлер мен әкімдер жедел шешімдер қабылдауға және қойылған міндеттерді іске асыруға толық жауапты болуға тиіс. Мемлекет басшысы кеше айтқан әрбір бағыт бойынша нақты нәтиже, орталықта да, жергілікті жерлерде де әрбір басшының тиімді жұмысы қажет. Инвесторлардың нақты мәселелерін шешумен айналысып, әуре-сарсаңға салмай, керісінше – кәсіпкерлердің келуіне, дамуына, зауыттар, кәсіпорындар, өндірістер салуына көмектесу керек. Әрбір басшы мұны өз жұмысының басты қағидаты деп білуі тиіс. Тек нақты жұмыс қажет. Ескі, бюрократиялық жұмыс әдістерін, формализмді қолдана отырып, жаңа жағдайларда оң нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді сапалы орындауға көңіл бөлуді, басы артық қазағазбастылықсыз және көпке созбай батыл шаралар қабылдауды тапсырамын. Біздің бәрімізден нақты нәтиже күтіп отыр, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр бюджеттік тәртіпті қатаң нығайтуға және мемлекеттік бюджетті басым бағыттар бойынша теңгерімді бөлуге баса назар аудара отырып, жұмыстың бірінші кезектегі бірқатар бағытына назар аударды.

Өзгелердің жаңалығы