Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің жаңа қаулысы бойынша қалада карантин 31 тамызға дейін ұзартылды.
Оның айтуынша, қаладағы эпидахуал күрделі. Күніне 1500-ге жуық адамнан вирус анықталып жатыр. Вирустың таралуы артқанымен, қалада той, өзге де жиындар өткізу толастамай тұр.
Отбасылық шараларда жұқтырудың өсуі - 2,1%, сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінде - 1,7%, азық-түлік және азық-түліктік емес дүкендерде - 1,2%, супермаркеттер мен гипермаркеттерде - 0,2%, қоғамдық көліктерде - 1,4%-ға, қоғамдық тамақтану орындарында - 1,1%-ға, басқа аймақтарға барғанда - 0,6%-ға, сауналарда, фитнес-орталықтарда - 0,1%, - деді ол.
Сондай-ақ Ashyq жобасының қатысушылары арасында жұқтыру 200-ден 407 адамға дейін өскен.
Жаңа қаулыға сәйкес, тамыз айының соңына дейін:
- Ashyq жобасына қатыспайтын кәсіпорындардың қызметіне тыйым салынады;
- Ashyq бағдармасына қатысқанына қарамастан демалыс және мереке күндері кәсіпорындардың қызметі тоқтатылады.
Сондай-ақ, оқу орындары мен мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын жаңа талаптар белгіленді:
- барлық білім беру мекемелерінде Ashyq жүйесін енгізу;
- бастауыш, орта және жоғары сынып балаларына арналған бөлек кіру есіктері;
- барлық қызметкерлер мен білім алушылардың күнделікті таңертеңгі сүзгісі;
- бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салу;
- кабинеттік оқыту жүйесін жою;
-әр уақытта бастауыш, орта және жоғары сынып оқушыларының ауысуын ұйымдастыру;
- сыныпта, топта коронавирустық инфекциямен ауырған бірінші жағдайда, сондай-ақ отбасы мүшелерінің ауруы кезінде оқушыларды оқытудың онлайн-форматына ауыстыру.