Бекетаев инвестициялар тартуда не маңызды екенін айтты

22 Сәуір 2019, 12:01
2099
Бөлісу:
Бекетаев инвестициялар тартуда не маңызды екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әділет министрі Марат Бекетаев шетелдік және отандық бизнес инвестицияларды әділ құқықтық қорғауға сенімділік болған жерге ғана салатынын айтты. 

«Бұл сенімділік жылдар бойы қалыптасады. Кейде ол үшін он жылдықтар қажет. Алайда, инвестициялар бүгін қажет. Бизнес үшін қажетті сенімділікті ағылшын құқығы, ағылшын тілі және ағылшын соты береді. Қазақстанға инвестициялар ғана емес, инвестициялармен қоса жаңа технологиялар қажет. Сондықтан зияткерлік меншікті қорғау бойынша Үкімет бірізді саясат жүргізеді. Астана халықаралық қаржы орталығы аумағында зияткерлік меншікті халықаралық тіркеу бойынша ыңғайлы сервис қамтамасыз етіледі», - деп айтты Бекетаев Үкімет отырысында. 

Ол ағылшын тілін еркін меңгерген және үздік әлемдік университеттерде білім алған халықаралық деңгейдегі заңгерлер даярланып, Қазақстанда инвесторлардың жұмысын қамтамасыз етуге қабілетті адами капитал қалыптасатынынын атап өтті. 

«Сот әділдігін нығайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар халықаралық рейтингтерде көрініс табады. Халықаралық құқық үстемдігі индексінде Қазақстан жеті жыл ішінде 10 тармаққа көтеріліп, 126 елдің арасында 65-орында тұр. Әрине, бұл жоғары көрсеткіш емес. Бірақ инвестиция үшін жаһандық бәсекелестік жағдайында ағылшын құқығы мен шетелдік төрешілер – біздің Еуразиялық өңірдегі бәсекелі артықшылығымыз», - деді Әділет министрі.  

Ол әлемдік бизнестің 80%-ы ағылшын құқығын таңдайтынын, осы себептен ағылшын құқығына негізделген Гонконг және Дубай сияқты қаржы орталықтары өз елдерінің экономикаларына ірі инвестицияларды табысты тартып отырғанын айтты. Сол себепті, инвесторлар Қазақстанның бизнес үшін тұрақты және жайлы жағдайларды қамтамасыз ететін сенімді серіктес екенін сезінуі тиіс.



Өзгелердің жаңалығы