Бекболат Тілеухан балалар құқығы туралы заңға қатысты пікір білдірді

20 Ақпан 2021, 10:32
2813
Бөлісу:
Бекболат Тілеухан балалар құқығы туралы  заңға қатысты пікір білдірді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжілісте қазір балалар құқығына қатысты бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы жұмыс тобында қаралуда. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Facebook-тегі парақшасында жазды.

Осы жоба аясында буллинг, кибербуллинг ұғымдарын заңнамаға енгізу туралы ұсыныс қызу талқыға түсуде. Қоғам тарапынан аталған нормаларға қатысты қарсылық та жоқ емес.Сондай-ақ бұл ұғымды енгізудің аса қажеттілігі бар ма деген сұрақ та бар. Себебі қазіргі құқықтық тетіктер жәбірлеудің алдын алуға, профилактика жүргізуге еш кедергі емес, - дейді депутат.

Ол тұрмыстық зорлық-зомбылық, балалар құқығына қатысты жобаларда халықаралық тәжірибе, әлемдік талаптардың әсерін жоққа шығара алмайтынымызды айтты.

Бірақ ескеретін бір дүние бар. Заң жобасына 2020 жылы ҚР  Заңнама және құқықтық ақпарат институтының (директоры - белгілі заңгер, біздің бұрынғы әріптесіміз Рамазан Сәрпеков) жасаған құқықтық сараптамасы бар,-деді депутат.
Тілеухан бір жыл бұрын жасалған құқықтық талдауда институт «халықаралық тәжірибе және оны осы жобамен айқындалатын құқықтық қатынастарда қолдану мүмкіндігін бағалау неғұрлым зерттеуді қажет етеді деп есептейміз» дегенін айтты. 
Арада бір жыл өтті. Одан бері көптеген ұсыныс енді. Сондықтан аталған заң баптарын, әсіресе ұғымдық аппаратты құқықтық сараптамаға қайта жіберуді ұсындым,- деді ол.

Өзгелердің жаңалығы