Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында 120 пәтерлік 2 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, бірқатар отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Президенттің еліміздегі баспана мәселесін шешуді басым бағыттардың бірі ретінде белгілеген болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар Жамбылда жүйелі түрде жалғасын табуда.
Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, жаңа пәтер иелерін құттықтап, көпшіліктің қуанышымен бөлісті.
Өткен жылы 240 байзақтық жаңа пәтерге қол жеткізді. Биыл ауданда тағы 6 тұрғын үй салу жоспарланып, 7 миллиард теңгеге ұсыныс берілді. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады.
Бүгін тағы бірнеше отбасы баспаналы болып, үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан әкімі.
Тұрғын үйдің құрылысын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бір тұрғын үйдің жалпы аумағы 2 956 шаршы метрді құрайды. Пәтерлердің екі бөлмелісі – 33, ал үш бөлмелісі – 65,5 шаршы метр.
Жаңа қоныс иелері өз үйлерін аралап, қуаныштарын бөлісті.
Жалпы Байзақ ауданында 2024 жылы 5 қабатты 4 тұрғын үй салынып, 240 адам баспаналы болды. «Асарлатып үй салу» жобасымен 8 отбасы тұрғын үймен қамтылған.
Биыл он бес 2 пәтерлі үйлердің құрылысына
427 млн. теңгеге қолдау тауып, құрылыс жұмыстары бастау алды.