Жиында партия Жарғысына өзгерістер енгізіліп, жаңартылған сайлауалды платформа қабылданды және 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы бірпалаталы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысатын партиялық кандидаттар тізімі бірауыздан мақұлданды, деп хабарлады BAQ.KZ тілшісі.
Съезге партия төрағасы Азаматхан Әміртай, тең төрағалар, Орталық және аймақтық кеңес мүшелері, өңірлік филиалдардың жетекшілері, сондай-ақ сарапшылар, экологтар мен қоғам қайраткерлері қатысты.
Өз сөзінде Азаматхан Әміртай 1 шілдеден бастап Қазақстанның жаңа Конституциясы күшіне енгенін атап өтіп, оның елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы маңызына тоқталды. Оның айтуынша, партияның кезектен тыс съезі Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси реформаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған.
Съездің негізгі қорытындысы ретінде делегаттар «Қазақстан – өмір сүруге қолайлы ел!» атты жаңартылған сайлауалды платформаны бірауыздан қабылдады. Құжатта экология экономиканы, әлеуметтік саланы, денсаулық сақтау, білім беру, қалаларды дамыту және мемлекеттік басқаруды қамтитын негізгі даму бағыты ретінде қарастырылған. Сонымен қатар сайлауалды міндеттемелердің орындалуына қоғамдық мониторинг жүргізу тетіктері де енгізілген.
Жиында сондай-ақ Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын партиялық тізім бекітілді. Оның құрамына аймақтық көшбасшылар, ғалымдар, тәжірибелі мамандар және эколог-сарапшылар енді. Алдағы уақытта партия барлық қажетті құжаттарды тіркеу үшін Орталық сайлау комиссиясына жолдайды.
Съез соңында Азаматхан Әміртай жаңа Конституция мен бірпалаталы Құрылтайға көшу саяси партияларға жаңа жауапкершілік жүктейтінін айтып, «Байтақ» партиясы сайлауға кәсіби командамен және экологиялық қауіпсіздік, таза су мен ұлт денсаулығына бағытталған «жасыл» ESG-жобаларымен қатысатынын мәлімдеді. Сонымен қатар бүгіннен бастап партияның барлық өңірдегі сайлауалды штабтары толық мобилизация режиміне көшетінін хабарлады.