«Байтақ» жасылдар партиясының Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарындағы филиалдарының өкілдері Құрылтай сайлауынан кейін жарияланған exit poll нәтижелеріне қатысты пікір білдірді. Олар сайлаушылардың таңдауын құрметтейтінін және алдын ала нәтижелерді қабылдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар партия жұмысын саралап, ішкі өзгерістер жүргізу қажеттігі де айтылды.
«Байтақтың» Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Тұрсынбек Байтеміров партия сайлаушылар білдірген ерік-жігерге құрметпен қарайтынын жеткізді.
«Алдағы уақытта бүгінгі нәтижені ескере отырып, өз ұстанымымыз бен бағдарламамызды жалғастырамыз. Қоршаған ортаны қорғау, таза су мен таза жер мәселелері бойынша нақты шешімдерге қол жеткізуге күш салып, жұмысымызды жетілдіріп, келесі сайлауға дайындаламыз», – деді Тұрсынбек Байтеміров.
Ал Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Сейфул-Мәлік Қазитов exit poll көрсеткіштері партия күткен нәтижеден төмен болғанын айтты. Дегенмен ол «Байтақтың» сайлаушылар таңдауын мойындайтынын атап өтті.
Қазитовтың пікірінше, сайлау қорытындысы партия ішінде жан-жақты талдау жүргізуге негіз болуы тиіс. Ол науқан кезінде «Байтақтың» әлеуеті толық пайдаланылмағанын және барлық идеяны сайлаушыларға жеткізу мүмкін болмағанын айтты. Сондай-ақ партияның басқару жүйесін реформалау және төраға ротациясы мәселесін көтерді.
Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Айман Сексенова да exit poll нәтижесі партияның күткен көрсеткішінен төмен болғанын жеткізді. Оның мәліметінше, өңірдегі сайлау учаскелерінде «Байтақтан» 200-ден астам бақылаушы жұмыс істеген.
«Сайлау әділ өтті. Біз азаматтардың таңдауын қабылдаймыз», – деді Айман Сексенова.
Ол да сайлау нәтижелерін партияның ішкі жұмысын қайта қарауға, сайлауалды бағдарламасын саралауға және жаңғырту мәселелерін талқылауға себеп деп бағалады.
Осылайша, «Байтақтың» үш өңірлік филиалы exit poll нәтижелерін және сайлаушылар таңдауын қабылдайтынын білдірді. Қарағанды мен Ақтөбе облыстарындағы партия өкілдері ішкі өзгерістер қажеттігіне назар аударса, Батыс Қазақстандағы филиал экологиялық күн тәртібін жалғастырып, алдағы саяси науқандарға дайындалуға басымдық беретінін мәлімдеді.