VII Baiqonyr International Short Film Festival жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кинофестивальдің ұлттық байқауындағы басты марапат «Үздік фильм» атағын режиссер Михаил Плисконың «Рух» атты қысқаметражды картинасы жеңіп алды. Фильм өмірдің мәнін материалдық пайдаға ауыстырған Ерғалым есімді орта жастағы жүргізушінің оқиғасын баяндайды. Ол баласыз әйелі Жұлдызбен ажырасуға өтініш береді. Осы уақытта балалар үйінен 12 жасар бала Фарух қашып кетеді. Тағдыр Ерғалым мен Фарухты кездестіреді, нәтижесінде екеуінің де өмірі түбегейлі өзгереді.
Халықаралық байқауда Саха республикасынан (РФ) келген режиссер Илларион Яковлевтің «Таксист» картинасы, анимациялық байқауда ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген Дильшат Рахматуллиннің «Бесік жыры» туындысы үздік атанды. Бұл мультфильм үшін бірінші марапат емес – жыл басында туынды Түркиядағы кинофестивальде жүлделі болды. Ал былтыр «Бастау» халықаралық кинофестивалінде аты ерекше атап өтілді.
Ұлттық байқауда ҰКҚМО-ның қолдауымен түсірілген тағы бір картина жүлделі болды. «Құс» фильміндегі рөлі үшін Ақмарал Зықаева «Үздік актриса» атанды. Сонымен бірге «Қазақфильм» киностудиясының арнайы сыйлығы толық метражды көркем фильмді бірлесіп шығару кезінде техникалық қамтамасыз ету мүмкіндігін «Қаңтар» фильмінің режиссері Әлішер Жәдігеров ұтып алды.
Бұл Әлішердің халықаралық кинофестивальдердегі бірінші жүлдесі емес. «Отау» және «Балық сорпа» қысқаметражды фильмдері Оңтүстік Корея, Португалия, Иран, Түркия және Италиядағы халықаралық кинофестивальдерде жүлдеге ие болды. Ал «Карантин» атты деректі фильмі 5-ші Baiqonyr ISFF-нің «Ең үздік деректі фильмі» деп танылды. Сол жылы фестивальде сценарийлер питчингінің жеңімпазы атанып, соның арқасында ол өзінің алғашқы толықметражды «Отау» картинасын түсірді. Бұл фильм жақында Қазақстанның киносыншылар қауымдастығының «Сыншылар таңдауы» байқауында «2020-21 жылдардың үздік дебюті» номинациясында жүлделі болды.
Baiqonyr фестивалі ештеңеге қарамай өткеніне өте қуаныштымын. ТМД елдерінен ғана емес, Оңтүстік Кореядан да жаңа қонақтарды қарсы алдық. 23 жаңа лауреат шықты. Биыл анимация бойынша жаңа конкурс қостық және оны да жақсы өткіздік, - деді «Байқоңыр» фестивалінің президенті Әнуар Кенжебаев.
VII Baiqonyr International Short Film Festival жеңімпаздарының толық тізімі:
Ұлттық байқау:
Үздік фильм – «Рух», реж. Михаил Плиско
Үздік режиссер – Әлішер Жәдігеров, «Қаңтар»
Үздік сценарий – Іңкәр Еркінқазықызы, «Қасен мен Құсайын»
Үздік оператор – Бағдат Арғынов, «Ласточка»
Үздік қоюшы-суретші – Алтынай Құмарбекова, «Қызыл алма»
Үздік монтаж – Ален Кенемолдин, «Детские рисунки»
Үздік актер – Нұрдәулет Алматұлы, «Чикен»
Үздік актриса – Ақмарал Зыкаева, «Құс»
Үздік деректі фильм – «Невидимки», реж. Виктория Шегай
Қазылар алқасының арнайы сыйлығы – «Ұйқым келді», реж. Темірлан Сағымбаев
Қазылар алқасының ерекше атауы – «Aybat», реж. Мейрамбек Сағынов
Халықаралық байқау:
Үздік фильм – «Таксист» (Саха Республикасы), реж. Илларион Яковлев
Үздік режиссер – Телжан Нурмахан, «Қора» (Қазақстан)
Үздік деректі фильм – «Слишком большой» (Тәжікстан), реж. Абдулло Гурбати
Қазылар алқасының арнайы сыйлығы – «Жизнь без весны» (Өзбекстан), реж. Шокир Холиков
Үздік оператор – Анна Шепилова, «Сегодня я вешался», (Ресей – Армения)
Үздік актриса – Алиса Лозовская, «Параллели» (Ресей)
Үздік актер – Рахат Жұмаханов, «Қора» (Қазақстан)
Анимациялық байқау:
Үздік фильм – «Бесік жыры», реж. Дильшат Рахматуллин
Үздік графикалық шешім – «Острые предметы», реж. Амина Тазиатова
Үздік сценарий – «Ищу наследника дома», реж. Маржан Жұбаныш
Үздік экспериментальді фильм - «Пшик», реж. Алиби Мукушев
Қазылар алқасының арнайы сыйлығы – «Воспоминание о яблоне», реж. Линара Миргалиева
Еске сала кетсек, байқау бағдарламасына қатысуға барлығы 306 киножоба үміткер болды. Оның ішінде бағдарламалық қызмет жеті елден: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения және Ресейден 48 фильмді іріктеп алды.