Мәжілістің жалпы отырысында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда талыланып жатыр.
Талқылау кезінде депутат Анас Баққожаев Жеке сот орындаушылары палатасының төрағасы Нұржан Арынғазиновқа жеке сот орындаушыларының жұмысындағы олқылықтар, азаматтарға жасалған әділетсіз шектеулер жөнінде сұрақ қойды.
Депутаттың айтуынша, жеке сот орындаушылары борышкерлерге қатысты шара қолдану барысында олардың әлеуметтік жағдайын ескермейді.
Мысалы, зейнеткер екенін біле тұра, есепшотын бұғаттап тастайды. Соның салдарынан адам өз ақшасына қол жеткізе алмай, заңгер жалдап, қосымша шығынға ұшырайды. Міне, бір орысша айтқанда, “дурочку включает” - яғни мәселені әдейі түсінбегендей болып, зейнеттегі адамды қинайды, - деді Баққожаев.
Сондай-ақ ол борышкердің табысының бір бөлігі сақталуға тиіс екенін еске салып, қазіргі мөлшердің жеткіліксіз екенін атап өтті.
Бізде сақталатын сома бар - шамамен 50 мың теңге. Бірақ бұл қаражат өмір сүруге жете ме? Соған қарамастан, шектеулер толық қолданылады, - деді депутат.
Бұдан бөлек, депутат көлік жүргізу құқығынан айыру мәселесін де көтерді. Оның пікірінше, бұл азаматтардың табыс табуына кедергі келтіреді.
Есепшотты бұғаттауға болады, бірақ көлік жүргізу құқығынан айыру - адамдардың жұмыс істеуіне тосқауыл. Сонда олар қалай ақша табады? Миға қонбайтын нәрсе, - деді ол.
Депутат сұрақ қойған кезде дөрекі сөз айтып, спикерден сөз естіді.
Сіз Парламентте отырсыз ғой. Сөздеріңізді байқап айтсаңызшы, - деп Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов депутатқа ескерту жасады.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс Президент пен Құрылтай туралы заң жобаларын жұмысқа қабылдады.