АҚШ президенті Дональд Трамп екінші президенттік мерзіміндегі Конгресс мінберінде елдің оған дейінгі президенті болған Джо Байден басшылық еткен кезде Америка үшін қандай қателіктер жібергенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Трамп өзіне дейінгі президент жұмыртқа бағасының бақылаусыз өсуіне жол бергенін атап өтті.

Джо Байден, атап айтқанда, жұмыртқа бағасының бақылаусыз өсуіне жол берді. Бұл бағалар толықтай бақылаудан шығып кетті және біз қазір жағдайды қалыпқа келтіру үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Әсіресе Сауда министрінің көмегімен алдыңғы әкімшіліктің қателіктерін түзетіп жатырмыз, - деді ол.
Дональд Трамп қазір елдегі инфляциямен күресуге баса назар аударылып отырғанын айтты.
Біз барлық назарымызды инфляциямен күреске аудардық. Басты міндет – энергетикалық ресурстардың құнын төмендету. Алдыңғы әкімшілік мұнай мен газ өндіруді қысқартып, құбырларды салу жұмысын тоқтатты, электр станцияларының қызметін доғарды. Біз осының барлығын қалпына келтіреміз, - деді Трамп.
АҚШ басшысы президент болған соң, Ақ үйге келе салып жұмысты неден бастағанын сөз етті.
Шынымды айтсам, біз мұндай мәселелерге бұрын-соңды тап болған емеспіз. Сондықтан Ақ үйге келген сәтте-ақ елде энергетика саласында төтенше жағдай жарияладым, - деді Дональд Трамп.
Сондай-ақ ол Америкада көп мөлшерде сұйық алтын бар екенін атап өтті.
Мен мұны бірнеше рет айттым, сіздер де естідіңіздер – біздің аяғымыздың астында ешбір елде жоқ көп мөлшерде "сұйық алтын" бар. Мен осы алтынды өндіруге ең талантты мамандарға рұқсат беріп отырмын. Біздің саясатымыз – "Бұрғыла, айналайын, бұрғыла!" деп аталады, - деді АҚШ президенті.
Бұған дейін Конгресте Дональд Трамп АҚШ-тың сөз бостандығын қайтарғанын айтқан болатын. Сондай-ақ ол Украина президенті Владимир Зеленскийден хат келгенін айтты.