Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Instagram желісіндегі парақшасында Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады.
Құрметті достар, Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Балалардың толыққанды дамуына және жан-жақты жетілуіне жағдай жасау – Nur Otan партиясының негізгі басымдықтарының бірі. "Бақытты отбасы" жобасының аясында партия Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес құрды. Осы кеңестің тек бір жыл ішіндегі қызметі барысында 1300 білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау ұйымдарына тексеру жүргізілді. Балалар мекемелерінде жағдайды жақсарту бойынша ұсынымдар берілді. Бүгінде депутаттарымыз Парламент Мәжілісіндегі жұмыс топтары аясында балалар құқығын қорғау және отбасы-тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес жөніндегі заң жобасы бойынша қызу жұмыс жүргізіп жатыр - деді Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, ол партияның бастамасымен отбасындағы зорлық-зомбылықты анықтау бойынша жедел топтардың іске қосылғанына тоқталды.
Бірқатар өңірде көпбалалы аналарға әлеуметтік қолдау, балалар мен жасөспірімдер үшін психологиялық көмек көрсету орталықтары құрылды, ерекше балалардың ата-аналарын оқыту жүргізілуде. Бүгінгі мейрам – еліміздегі әрбір балаға көңіл бөліп, қамқорлыққа бөлеу үшін тағы бір жақсы мүмкіндік. Балалар тәрбиесі мен қамқорлығына өздерін арнаған жандарға шынайы алғысымды білдіремін. Біздің ортақ міндетіміз – әрбір қазақстандық бүлдіршіннің бақытты балалығын қамтамасыз ету, - деп жазды ол.