Баянауылда алтын фабрикасын ашу көзделіп отыр

18 Маусым 2024, 03:47
485
Бөлісу:
Баянауылда алтын фабрикасын ашу көзделіп отыр
Фото: pexels.com

Баянауылда алтын фабрикасын ашу көзделіп отыр. Зауыт ашылғанда 200-ден астам жаңа жұмыс орны пайда болмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапарында аудан әкімі Ардақ Кісентаев мәлім етті.

«Үштаған GOLD» ЖШС алтын кенін өндіру жұмыстарымен айналысуды жоспарлап отыр. Бұл жобаны компания 11,6 миллиард теңгеге жүзеге асыратын болады. Жыл соңына дейін жердің нысаналы мақсаттарын ауыстырып, құжаттармен айналысады. Ал фабрика 2025 жылы қолданысқа енеді, – дейді аудан әкімі.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 250 жұмыс орны пайда болады. Айына 80 келі алтын өндіріліп, құйылып шығарылады.

Мен бұл инвесторлармен өзім кездескен болатынмын. Расында да өте маңызды жоба екені анық. Жаңа жұмыс орындарының ашылғаны жақын маңдағы ауылдарға және экономикаға жақсы әсер етеді деп ойлаймын, – дейді облыс әкімі Асайын Байханов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы өндірісті бақылауда ұстауды тапсырды.

Еске сала кетейік, келесі жылы ауданда 3 700 млн теңгеге екі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Құны 3,5 миллиард теңгені құрайтын түйе фермасы мен 200 млн теңге сомасына суармалы учаске құрылмақ.

Өзгелердің жаңалығы