Баянауыл демалыс аймағының туристік маусымын ашу мерзімі шегерілді

15 Маусым 2020, 08:48
1960
Бөлісу:
Баянауыл демалыс аймағының туристік маусымын ашу мерзімі шегерілді

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Баянауыл курорттық аймағының жаңа туристік маусымын ашу мерзімі кейінге шегерілді. Бұл туралы аудан әкімі мәлімдеді.

Еске салсақ, демалыс аймағында туристік науқан әдетте маусым айының басында ашылатын. Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімовтің айтуынша, мерзімді кейінге шегеруге өңірдегі күрделі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай себеп.

Павлодар облысында төтенше жағдай режимінің шешілуіне қарамастан, эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Өзімізді және айналамыздағы адамдарды коронавирустан қорғау үшін сақтық шараларын күшейту керек. Баянауыл ауданының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, 16 маусымнан бастап Баянауыл демалыс зоналары, яғни Жасыбай, Сабындыкөл, Біржанкөл және Торайғыр көлдерінің маңындағы үйлер жабылады. Эпидемиологиялық жағдай жақсарған кезде ашылуы мүмкін. Әрқайсымыз сақтық шараларын сақтап, ережелерді мүдірмей сақтасақ, коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатамыз, - дейді Қанат Кәрімов.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Баянауыл ауданындағы демалыс орындарының 60%-ы қонақ қабылдауға дайын емес болып шықты. Нақтырақ айтқанда, жыл сайын жұмыс істейтін 39 нысанның 23-і пандемия кезінде тынығушы қабылдауға әзір емес. Бұл – мониторингтік топ тексерісінің нәтижесі.

Тексеріс кезінде 10 демалыс орнында жөндеу жұмыстары аяқталмағаны да белгілі болды. Сонымен қатар, көптеген бұзушылық анықталды.

Қонақүйлердің көбінде санитайзер, тепловизор мен дезинфекциялық құралдар жоқ болып шықты. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық ережелер сақталмайынша, туристік базаларға ашылуға рұқсат берілмейді, - дейді мониторингтік топ өкілдері.

Павлодар облысында коронавирустық инфекция жұқтырған адамдардың саны 300-ден астам. Өкінішке қарай, 12 азамат көз жұмды.

Өзгелердің жаңалығы