Мемлекет басшысы Экономиканы кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұялы байланыс нарығында олқылықтар көп. Қызмет сапасын әлі де жақсарта түсу керек. Мемлекеттің үлесін біртіндеп азайтып, басы артық шектеу және реттеу шараларын алып тастау қажет. Бұлар экономиканың барлық саласына қатысты маңызды міндеттер. Бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жою қажет, - деді ол.
Президент жекешелендіру тиімді жүргізілген жағдайда ғана экономиканың барынша еркін дамуына жол ашылатынын айтты.
Бұл мәселе бойынша көптеген жоспар жасалды, дегенмен, "баяғы жартас – сол жартас" күйінде қалып тұр. Себебі бұл жоспардың бәрі құр тізім ретінде әзірленді. Онда мүлікті иеліктен шығару қажеттігіне талдау жасалған жоқ, жекешелендірудің нақты шарттары да анықталмаған, - деді Президент.
Тоқаев жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырды.
Жекешелендірілетін кәсіпорындар туралы ақпарат қолжетімді емес. Жекешелендіру тәсілін таңдау тәртібі де толық реттелмеген. Бұл жағдай сыбайлас жемқорлық қаупін туындатады. Үкіметке мемлекеттік меншік тізілімін қайта қарауды және жекешелендіру үдерісінің әдіс-тәсілін нақтылауды тапсырамын, - деді ол.