Әкім мүгедек баласы бар отбасыларға берілетін көмек көлемін ұлғайтуды тапсырды

13 Ақпан 2019, 16:52
2065
Бөлісу:
Әкім мүгедек баласы бар отбасыларға берілетін көмек көлемін ұлғайтуды тапсырды

Астана, BAQ.KZ. Сондай-ақ, Алматы әкімі тұрмысы төмен отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша шығынының өтемақысын төлеу шараларын қарастыру туралы да тапсырма берді.

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының кезектен тыс конференциясында Алматы әкімі Бауыржан Байбек құрамына мемлекеттік жәрдемақы, атаулы көмек, әлеуметтік төлем, демеушілік көмек, еңбекпен қамту және басқа да көмек түрлері енген қолдаудың кешенді шараларын атап өтті.

«Үйде мүгедек балаларды оқытуға кететін шығынды өтеу үшін берілетін өтемақы мен өмірлік қиын жағдайға тап болған кезде берілетін бір реттік атаулы көмек көлемін ұлғайтуды қарастырған жөн. Егер отбасы көпбалалы болса, онда балдырғанды балабақшаға орналастыру да қиын. Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға кететін шығынның өтемақысын төлеу мәселесін зерттеу қажет», - деді Бауыржан Байбек.

Айта кетерлігі, Алматы әкімі көпбалалы отбасыларға заңнамалық және психологиялық кеңестер, реабилитациялық көмек көрсететін «Бақытты отбасы» орталығын құруды тапсырды. Бұл бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайтын сервистік орталық болып табылады, осы арқылы көпбалалы аналарды жұмысқа орналаса алады. Бұдан өзге, мегаполис басшысы 4 және одан көп балалары бар отбасылардың тұрғын үй алу үшін төленетін алғашқы жарнасының төлемін субсидиялау мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасыларға берілетін атаулы көмектің көлемін ұлғайту, ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнатуға кететін шығындарға өтемақы беру мәселесі қарастырылады.

Әлеуметтік әл-ауқат, стратегия және бюджет басқармаларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселелер бойынша жұмыс жасау және нақтылы ұсыныстар айту тапсырылды.

Өзгелердің жаңалығы