Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Республикалық маңызы бар А-31 «Чапаево-Жалпақтал-Қазталовка-Ресей Федерациясының шекарасы» автожолының 157-192 шақырым учаскесіндегі күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша айналма жолдар ашылды.
ҚазАвтожол баспасөз қызметінің хабарлауынша, уақытша қозғалыс негізгі жолдың оң жағынан 163-170,2 шақырым аралығында ұзындығы 7,2 шақырым айналма жол арқылы жүзеге асуда. Ағымдағы жылы айналма жолды 163 шақырымнан бастап 178,5 шақырымға дейін ұзарту жоспарланған.
"Сонымен қатар, Р-44 «Қазталовка-Жәнібек-Ресей Федерациясының шекарасы» күре жолының бойында 4,8-8,4 шақырым аралығында, жалпы ұзындығы 3,6 шақырым уақытша айналма жол ашылды. Айналма жол негізгі жолдың оң жағында орналасқан. Биыл айналма жолдың ұзындығын 9 шақырымға дейін ұзарту жоспарланған. Барлық айналма жолдарда жол қозғалысының жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспауы тиіс. Жабық жол учаскелерінде арнайы жол белгілері орнатылған. Жол қозғалысының ережелерін сақтау қауіпсіздік үшін маңызды", - делінген таратылған ақпаратта.