Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарды орташа жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Жол жөндеумен айналысатын компаниялар тасжолдардың учаскелерін белгіленген мерзімнен бұрын пайдалануға беруде. Осылайша Атырау облысындағы "Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау порты" жолының 45 шақырымын жаңарту жұмыстары жоспарланған мерзімнен бұрын аяқталды. Жолды жөндеу жұмыстарын "БірлікЖолСтрой" ЖШС орындады. Мамандар жолдың қозғалыс бөлігін қалпына келтірді. Атап айтқанда, жолдың кедірлі-бұдырлы беті өңделіп, жабындының тегістеуіш қабаты төселді, жолдағы шұңқырлар жамалып, шуыл жолсызығы жайластырылды, жол жиегі бекемделді, - делінген хабарламада.
Жол жабындысының жоғарғы қабатын төсеу кезінде жолшылар жолдың кедірлі-бұдырлы бетін өңдеу технологиясын қолданды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көлік басқарушылар енгді ілінісу қасиеті жоғары тегіс жол жабындысымен жүріп өте алады.
Бұдан бөлек, жол жабындысының ұсақ олқылықтары жойылып, жолдағы микрожарықтар бітелді, асфальт-бетон жабындының жоғарғы қабатына судың өтуін болдырмайтын су өткізбейтін мембрана қалыптасып, жабындының жоғарғы қабатының тұтқырлық қасиеті жаңартылуда. Бұл өз кезегінде жол жабындысының қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.
"Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау порты" жолын орташа жөндеу жұмыстары межеленген мерзімнен екі ай бұрын аяқталып отыр. Жөндеуден өткен жол учаскелері бүгінгі таңда қозғалыс үшін ашық.
Еске салайық, елде республикалық маңызы бар жолдардың 1143 шақырымы қалпына келтірілуде. Орташа жөндеу жұмыстарымен 66 нысан қамтылған.