Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі кейбір жолаушылар пойызының жол жүруі уақытша тоқтайтынын хабарлады.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік комиссиясының 2020 жылғы 2 шілдедегі шешіміне, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 3 шілдедегі №44 қаулысына сәйкес және ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хаты негізінде 2020 жылдың 8 шілдесінен бастап күші жойылғанға дейін Атырау станциясы бойынша жолаушылар пойыздары мен тікелей қатынайтын вагондардың келуі мен жөнелтілуі уақытша тоқтатылады, - делінген хабарламада.
- № 41/42 "Атырау-Алматы-1" Атыраудан жөнелтілетін 9 шілдеден, Алматыдан-1 келетін/жөнелтілетін 11 шілдеден, Атырауға келетін 13 шілдеден;
- № 313/314 "Атырау-Маңғыстау" Атыраудан жөнелтілетін 8 шілдеден, Маңғыстаудан келетін/жөнелтілетін 9 шілдеден, Атырау қаласынан жөнелтілетін 10 шілдеден;
- № 692/691 "Ақтөбе-Атырау" пойызы Ақтөбе қаласынан жөнелтілетін 7 шілдеден, Атыраудан келетін/жөнелтілетін 8 шілдеден, Ақтөбеге келетін 9 шілдеден;
- 5 шілдеден бастап Алматыдан жөнелтілетін, 8 шілдеден бастап Құлсарыға келетін/жөнелтілетін, 11 шілдеден бастап Алматыға келетін №77/78 "Алматы-2 – Маңғыстау" және №313/314 "Атырау-Маңғыстау" жолаушылар пойыздарының құрамында тікелей қатынайтын "Алматы-2 - Құлсары" вагондары.
Аталған пойыздарға бұрын жол жүру құжаттарын (билеттерін) ресімдеген жолаушылар жол жүру құжаттарын қайтаруды ресімдей алады және ақшалай қаражатты ұстап қалусыз толық көлемде ала алады, - делінген ведомство мәліметінде.
Сонымен қатар, билеттер үшін төлемдерді қайтару билетті қайтару тәртібі мен сатып алу тәсіліне байланысты қолма-қол және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы жүргізіледі.
Жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі бойынша барлық анықтамалық ақпаратты "105" нөмірі бойынша білуге болады.
Ұлттық тасымалдаушы жолаушылардан қабылданған шараларға түсіністікпен қарауды және коронавирустық пандемияның таралуы кезеңінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауды сұрайды.