Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында өңірдегі дүкен сөрелерінде неліктен ас тұзының жоғалып кеткенін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әкім өңірде тұз тапшылығы болғанын мойындады.
Тұздың болмауы ресейлік кәсіпорын – "Руссоль" компаниясының өндірістік мәселелерге тап болуына байланысты еді. Шамамен 10 күн жұмыс тоқтап қалды, содан әбігер туындады. Тұздың болмағаны рас жағдай, - деп жауап берді өңір әкімі.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінгі таңда мәселе толық шешілген.
Қазір Атырау және Қызылорда облыстарынан, оған қоса "Руссоль" арқылы (жеткізілімдер ұйымдастырылып жатыр – ред.) халыққа қажетті тұз көлемі толық қамтамасыз етілуде. Дүкен сөрелерінде тұз бар, ешқандай проблема жоқ. Бағасы да қолжетімді: ең төменгі баға – 55 теңге, ең жоғарғысы – 69 теңге, - деді Нариман Төреғалиев.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысында сиыр етінің орташа бағасы қанша екені белгілі болды.