Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта су жүрген 5 автожол учаскесі мен су шайған 6 автожол учаскесі бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын құрған 10 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды.
Облыс бойынша барлығы 1020 мың метр куб еріген қар суы сорылды, 219 мыңнан астам қапшық және 2700-ден астам инертті материал төселді.
4 мыңнан астам ауыл шаруашылық жануар қауіпсіз жерге айдалды.
Қазіргі уақытта Теректі ауданының Подстепное ауылында су басқан 37 аула аумағынан еріген қар суын сору жұмыстары жүргізілуде.
Авариялық-құтқару жұмыстарына 430 адам, 86 бірлік техника, 11 су айдау және жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар су тасқынына қарсы іс-шараларға Маңғыстау облысы ТЖД және ТЖМ № 28237 әскери бөлімінің берілген күштері мен құралдары тартылды.