Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Базартөбе ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.
Бір қабатты амбулатория ғимараты медициналық қызмет көрсету үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ғимаратта қабылдау бөлмесі, вакцинация кабинеттері, акушер, физиотерапия, ЕДШ, туберкулезге қарсы кабинет, оқшаулау палатасы, сондай-ақ дәріхана орналасқан, - деп жазды БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен.
Ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ауыл тұрғындарын жаңа медициналық нысанның ашылуымен құттықтап, дәрігерлік амбулатория ұжымына табыс тіледі.
Бұл амбулаторияны ашу – Мемлекет басшысының халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған тапсырмаларын іске асырудағы маңызды қадам. Біз әрбір азаматтың заманауи медициналық көмекке қол жеткізуі үшін ауылдық жерлерде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуды одан әрі жалғастырамыз. “Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту” бағдарламасы аясында Ақжайық ауданында салынған сегіз нысанның алғашқысы және мұндай нәтиже көңіл қуантады, - деді Нариман Төреғалиев.
Базартөбе ауылының тұрғындары маңызды жаңа медициналық ошақтың салынып, ел игілігіне берілгеніне ризашылықтарын білдірді.
Жаңа амбулатория Базартөбе ауылының тұрғындарына уақытылы әрі қолайлы жағдайда медициналық көмек алуға мүмкіндік бере отырып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытудағы маңызды нысанға айналады.